Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы оқыту сапасын арттыруда білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының ең үздік білім ресурстары мен технологияларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету; оқушылардың алған білімдері тез өзгеретін әлемде табысқа жеткізетіндігінен қанағаттану; жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыруды міндеттеп отыр [1].
Осыған байланысты жалпы білім беру бағдарламасынан басқа, әр түрлі альтернативті авторлық бағдарламалар, оқулықтар, оқу құралдары оқу үрдісіне енгізілуде. Мектеп химия курсы мазмұнын оқу пәні ретінде оқушының оқуға ынтасын тудыратын құралға айналдыру қажеттігі бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Көптеген ғылыми-әдістемелік мақалалар мектептік химиялық білім мазмұнын жаңартудың басым тұсына жалпы білім беру мектептерінің химия курсының мазмұнын пропедевтикалық білімдерді қолдана отырыпоқушылардың химия бойынша теориялық білімін білік пен дағдыларын дамыту арқылы әрі қарай тереңдету, оларды оқуды жалғастырғанда және болашақ кәсіптік іс-әрекеттерінде қолдану, заманауи химиялық технология мен өндіріс саласында білім мен дағдысын дамыту, экологиялық мәдениетін дамыту[2], орта мектептің 6-7 сыныптарында арнайы пропедевтикалық химиялық білім беруді[3] көрсетіп отыр.
Ғылыми жаратылыстану бағытындағы пәндерінде ( дүниетану 4-сыныпта, ботаника 5-6 сыныптарында, физика 7-сыныпта) оқушылар болашақта химия курсына қажетті білім мен білікті пайдалана отырып оқытылады. Аталған пәндерді оқып-үйрену барысында оқушылармен игерілген бастапқы алған пропедевтикалық білім мен біліктері химия курсын оқып тануына негіз болып табылады. 4–7 сыныптар аралығында оқушылар алған пропедевтикалық білімдер 8 – сыныпта оқытылатын химияның негізі болып табылады, яғни химияның ең басты, ең қиын да күрделі бөлімін оқытуда маңызы өте зор. Егер оқушылар дүниетану, ботаника және физика курстарында заттардың қүрылысы, қасиеттері мен қолдануы туралы бастапқы ақпарат алынса,ол химия курсында одан әрі жетіліп, дами түседі.Сондықтан дүниетану, ботаника және физика пәндерінің мұғалімдері болашақта оқытылатын химия курсына қажетті алғашқы ұғымдарға дұрыс түсінік беріп, алдына қойылған материалды оқушы әрі қарай алып кетіп, оның өздігінен ізденуіне демеу болуы керек.
Химия курсында пропедевтикалық білімдерді тірек – білім ретінде пайдаланудың келесі шарттары бар:
1) Басқа пәндерден алынған білімдер химияны жүйелі түрде қабылдауына және химия заңдарын түсінуіне, есептерді шығар білуіне, табиғат құбылыстарын тереңдетіліп ашылуына үлкен септігін тигізеді;
2) Аралас пәндерден алынған ақпарат негізгі тақырыптан алыстамай, ажырамай, керісінше оның толық ашылуына көмек көрсетуі қажет[2].
Қазіргі кезде басты қиындықтардың бірі химиядан мектеп оқушыларын пропедевтикалық оқытуға байланысты арнаулы әдістемелік нұсқаулардың жеткіліксіздігі, оқыту курсы негізгі оқу жоспарында қарастырылмауы және оның мектепте оқытылуы тек мектеп деңгейінде шешілетін мәселе еместігінде.
Ресей әдіскерлерінің жұмыстарында мектептің 6-7 сыныптарында пропедевтикалық химиялық білім беруді арнайы авторлық бағдарламалар негізінде енгізуді көздейді және төмендегі бағыттарын ұсынады .
Бірінші бағыт, бұл жаратылыстану пәндері циклін жеке оқытатын кіріктірілген жаратылыстану курсының кіріспесі. Бүгінгі уақытқа дейін кең танылғаны «Жаратылыстану» курсы А.Г.Хрипковтың бастамасымен жасалған[4].Бұл курс 5-6 сынып оқушыларын химия пәні мен оның ғылыми әдістерін, заттардың құралуы (молекуладан, атомнан, иондардан), заттардың құрамы (дара және күрделі – оксидтер, қышқылдар, негіздер мен тұздардан), кейбір органикалық байланысқан заттар (ақуыз, майлар, көмірсулар) және химиялық құбылыстарды (байланысу реакциялары және ашу, зат массасын сақтайтын заң негізінде теңесетін реакциялар) тануға үйретеді.
Екінші бағыт, түгелдей оқулық атауымен сәйкес келеді, ол пропедевтикалық «Химия пәніне кіріспе» пәнін оқуға арналған.Аталған оқу құралы барлық жетінші сынып оқушыларын химияның барлық мектеп химиясының бөлімдерімен таныстырып, сонымен қатар 27 лабораториялық тәжірибелер кіретін химиялық эксперименттерді де қамтиды.
«Химия пәніне кіріспе» курсы Г.М. Чернобельскаяның[5] басшылығымен құрастырылған және химиямен заттар және олардың құралуы туралы ғылым ретінде оқытып, әрқайсысын жеке блок ретінде көрсетеді.
• «Заттар» блогы келесі ұғымдарды өзімен біріктіреді: таза заттар және қоспалар, оларды бөлудің әдістері, химиялық элементтер және химиялық таңбалар (таңбалар және формалар), атомдық және молекулалық массалар.
• «Химиялық реакция» блогы оқушыларды химиялық реакция, химиялық тепе-теңдік белгілерімен, химиялық реакция жылдамдығы және оны анықтайтын факторлармен және тіптен активациялау энергиясымен де таныстырады.
• «Химиялық заттар және Жер шары» блогы оттегі(химиялық элементтер және заттар), аллотропия, қышқылдану, ауа құрамы, су және оның айналымы, литосфера мен биосфераның химиялық құрамы туралы ақпараттарды қамтиды.
• «Тұрмыстағы химия» болгы органикалық байланысқан (ақуыз, көмірсу, майлар, дәрумендер, дәрілер), тұрмыстық химия заттары және косметика туралы туралы ең алғашқы ақпараттардан құралған.
Көпшілікке түсінікті оқулықтың тілі арқылы оқушыларды ішімдікке және нашақорлыққа қарсы тұру жолдарымен таныстырып және гуманитарлық ғылымдардағы химияның рөлін көрсетуге арналады.
Үшінші бағыт, О.С. Габриелянның [6,7]бастамасымен жасалған ұжымдық оқулық арқылы жүзеге асады.
Курс төрт тақырып-бөлімнен тұрады. Курстың "Химия жаратылыстану орталығында" атты бірінші тақырыбы оқушыларға табиғаттану, биология, география, физика және басқа да табиғат туралы пәндерден алған химиялық білімдерін жинақтауға мүмкіндік береді. Жаратылыстану ғылымдары жүйесіндегі химияның рөлін, сабақтас пәндерді сәтті игеру үшін осы пәннің маңыздылығы туралы параллель ой тудырады. Осындай пәнаралық интеграция химияның оқытылуының басынан бастап әлемнің қалыптасуының жаратылыстану-ғылыми аспектілерін қарастырады.
Мемлекеттік білім беру стандарттары талаптарына сай курста химия тәжірибелік ғылым екені ерекше атап көрсетіледі. Сондықтан 7-ші сыныпта тәжірибе, бақылау, өлшеу, сипаттау, модельдеу, гипотеза, қорытынды сияқты ұғымдар қарастырылады. Практикалық қабілеттерін дамыту үшін авторлар жетінші сынып оқушыларына жаратылыстану бағытындағы пәндерінен белгілі қарапайым және психологиялық оңай қабылданатын зертханалық және практикалық жұмыстар таңдап алған: қарапайым зертханалық құрал-жабдықтармен танысу (физикалық штатив, қыздырғыш құралдар құрылысы, оқытудың бастапқы кезеңінде қолданылатын қарапайым химиялық ыдыстар), осындай құрал-жабдықтар мен химиялық заттармен қарапайым химиялық операцияларды жүргізу, қыздыру техникасы, қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтау, бақылау нәтижелерін тіркеу мен оларды қорытындылау және т.б. Бұл мақсат үшін курста үйде жасалатын, қауіпсіздік техникасы талаптарына толығымен жауап беретін және іс жүзінде химия курстарында қолданыстан шыққан ұзақ уақыттық сипаттағы тәжірибелік жұмыстар ("Кристалдарды өсіру", "Металдар коррозиясын бақылау") көрсетілген.
• Курстың "Химиядағы математика" атты екінші тақырыбы негізгі мектепте оқытуға уақыт жетпейтін химиялық есептерді шешу үшін аса қажет есептеушілік қабілеттерді дамытуға мүмкіндік тудырады, ең алдымен толықтан жекені бөліп алу (қоспадағы қандайда бір элементтің массалық үлесі, көлемдік үлесі) есептері. Көріп отырғанымыздай, химиямен қатар математика да игеріледі.
• "Заттармен болатын құбылыстар" атты үшінші тақырыбында оқушылар басқа пәндердегі физикалық және химиялық құбылыстар туралы білімдерін жинақтайды, химиялық үрдістердің жоғары сатыларына көшуге дайындалады.
• "Химия бойынша әңгімелер" атты төртінші тақырыбында химияның даму барысындағы жарқын, эмоционалды және қызықты танымдық үзінділерді: ұлы орыс химиктері, кейбір химиялық заттар мен химиялық үрдістер туралы әңгімелерді көрсетуге арналған.
Төртінші бағыт, оқыту курстарындағы ең радикалды бағыттардың бірі. Бұнда химияны оқытудың бастапқы жүйелі курстарын 8-ші сыныпта емес, 7-ші сыныптың оқыту материалдарына ауыстыру идеясын ұсынады.
Бұл курс И.Г. Остроумов[8,9] жетекшілік ететін авторлық әріптестікпен жасалған.
Негізгі мектептегі химия курстарын екі кезеңде оқыту ұсынылады:
1) статикада - заттың құрамы, құрылымы және физикалық қасиеттері;
2) динамикада - құрамы мен құрылымына сай заттардың химиялық қасиеттері.
Оқушылар 7-ші сыныпта заттардың құрамы мен жіктелуімен танысады, заттардың қоспасын және құрамын қарастырады, осы қоспалардың құрамындағы заттардың физикалық қасиеттері негізінде компоненттерге бөлу әдістерін зерттейді. Сәйкесінше 7-ші сыныптағы химия курстарында мектептегі пәнді оқыту бірінші кезеңінің айтарлықтай бөлігі жүзеге асырылады.
Курс алты бөлімнен тұрады.
• Бірінші бөлім "Химия пәні мен оқыту әдістері" оқушыларды қысқаша пәннің тарихы және маңыздылығымен, "физикалық дене", "химиялық зат" ұғымдарымен таныстырады, заттардың қолданылуы олардың қасиеттеріне тәуелді екенін түсіндіреді. Жаратылыстану ғылымдары жүйесінде қоршаған ортадағы физикалық және химиялық құбылыстар мен тану әдістемелері туралы ақпарат беріледі.
• Екінші бөлім "Заттардың құрылымы мен олардың агрегаттық күйлері" физика, биология және география пәндерімен пәнаралық интеграцияны жалғастырып, зат бөлшектері (атом, ион, молекула) туралы, заттардың газ, сұйық және қатты күйлердегі қасиеттері, заттардың бір агрегаттық күйден екіншісіне ауысуы туралы нақты ақпарат алады.
• Үшінші бөлім "Заттар қоспасы мен оларды бөлу әдістері" оқушыларды таза заттар және қоспалармен, қоспа құрамына сандық мағына беру, есептеумен, таныстырады, заттарды бөлім алу мен заттарды тазалау әдістерін қарастырады.
• Төртінші бөлім "Зат құрамы. Химиялық белгілеу" химиялық элементтерге, жай және күрделі заттарға, химиялық белгілер мен формулаларға және соның негізіндегі есептеулерге арналған.
• Бесінші бөлім "Жай заттар" оқушыларды заттарды құрамына байланысты жіктеу мен жай заттар кластары - металдар және бейметалдар, сонымен қоса осы кластардың маңызды өкілдерімен таныстырады.
• Алтыншы бөлім "Күрделі заттар" бейорганикалық құрылымдардың негізгі кластары, сонымен қатар осы кластардың маңызды өкілдері туралы ақпарат береді. Химиядағы негізгі ұғымдардың бірі "валенттілікке" сүйене отырып формулалар мен бейорганикалық заттардың атын құру.
Химияны оқытудың осы әдістемесімен қысқаша таныстыру курсын қорытындылай келе, әдістеменің мектептегі білім беру жүйесінде қалыптасқан уақыттық жетіспеушілік мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін көреміз.
Химия мұғалімі мамандығы мен химияның жеке пән ретінде сақтау үшін химия пәнін жүйелі оқытуды 8-ші сыныптан емес, 7-ші сыныптан бастау керек.
Қорыта айтқанда, химияны ерте жастан бастап оқыту ол:
тәжірибелік жұмыстар мен күрделенген есептер шығару барысында оқушылардың алған теориялық білімдерін тереңдетуге;
қойылған мәселелерді өздігінен шешуге оптималды жол табуға дағдыландыландыруға;
табиғаттағы және өндірістегі химиялық үрдістерді және олардың өзара байланысын тереңінен түсінуге;
күнделікті тұрмыс жағдайында көзбен аңғарылмайтын физикалық-химиялық құбылыстарды ғылыми тұрғыдан түсіндіру мен сараптама жасай алуға;
органикалық және бейорганикалық химиядағы негізгі үрдістерді күрделі физикалық, математикалық, биологиялық интерпретацияларды оңай жүргізуге мүмкіндік береді.
Қолданылған әдебиет:
2015-2016 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы. Әдістемелік нұсқау хат.–Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015. –235б
Шипарева Г.А., Тригубчак И.В. Методические рекомендации к изучению пропедевтического курса «Введение в химию»: 7 класс. М.: Владос, 2004.
Гуревич А.Е., Исаев Д.А., Понтак Л.С. Физика. Химия. 5–6 классы. Учебник для общеобразовательных учреждений. М.: Дрофа, 2005.
Хрипкова А.Г., Иванова Р.Г., Иванова Т.В. и др. Естествознание. Учебник для 6–7 классов общеобразовательных учреждений. Под ред. А.Г.Хрипковой. М.: Просвещение, 1996.
Чернобельская Г.М., Дементьев А.И. Введение в химию. Мир глазами химика. 7 класс. Учебное пособие для общеобразовательных учебных заведений. М.: Владос, 2003.
Габриелян О.С., Остроумов И.Г., Ахлебинин А.К. Старт в химию. М.: Дрофа, 2006.