Атырау облысы Жылыой ауданы Жаңа Қаратон кентіндегі №22 жалпы орта білім беретін мектеп
ХХІ ғасыр-дамыған елдердің білім беру жүйелерінің өзара бәсекелестікке түскен ғасыры. Осы орайда :«Еліміздің білім беру саясатының басты идеясы ретінде нені алуымыз керек?»,-деген орынды сұрақ туындайды. Білім беру саясатының басты идеясы ретінде Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын алуымыз керек сияқты.Бұл идея келешек ұрпаққа үлкен сын,зор мәртебелі іс.Бұл үшін мынадай құндылықтарды орындау қажет:бірінші-ата-анасын қадірлеп-қастерлейтін,елін,Отанын сүйетін бала тәрбиелеу;екінші-қазақ тілін,мәдениетін,тарихын түсінетін,оны дамытатын ұрпақ қалыптастыру;үшінші-толерантты,халықтар достығын қастерлейтін,ел бірлігін сақтайтын ұл-қыз өсіру;төртінші-дені сау,жан дүниесі бай,еңбекке бейім жасты жетілдіріп шығу.Халқымыз ықылым заманнан бері балаға дәріс беретін ұстазды құрметтеп,ерекше ілтипат көрсеткен,себебі,баланың келешекке қандай азамат болып өсетіні,оның ұстазының берген тәліміне байланысты екенін білген.Қазақстан Республикасы білім беру қызметкерлерінің Алматыда өткен І құрылтайында ЮНЕСКО өкілі К.Пауэр мырза сөйлеген сөзінде былай деді: «Сіздер еуропалық білім стандартын сол күйі ала салудан аулақ болғандарыңыз жөн.Өйткені тек шығыстық,ортаазиялық ерекшелік өз алдына Қазақстан халықтарының да,қазақтардың да ерекше ойлайтынына,табиғатының ерекше өзгеше екеніне менің көзім әбден жетті.Сіздер осы ұлттық сипаттарыңыз бен төл болмыстарыңызды жоғалтпауды басты нысанада ұстасаңыздар әлемдік өркениеттен тезірек өз орындарыңызды табасыздар. » Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда.Бұл процесс білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді.Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін,білігі мен дағдысын емес,оның тұлғасын,білім алу арқылы дамуын қойып отыр.Педагогика ғылымының бір ерекшелігі-баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы. Педагогикалық технологиялар-бұл білімнің басымды мақсаттарымен біріктірілген пәндер мен әдістемелердің:оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың өзара ортақ тұжырымдамамен байланысқан міндеттерінің,мазмұнының,формалары мен әдістерінің күрделі және ашық жүйелері,мұнда әр позиция басқаларына әсер етіп,ақыр аяғында оқушының дамуына жағымды жағдайлар жиынтығын құрайды. География пәнін оқытуда да модульдік технологияны пайдалану кең өріс алуда.Бұл технология-педагогикалық технологияның негізгі ұстанымдары мен материалды толық игеру әдістерінің негізгі позициясына сүйенген.Әлемнің әртүрлі елдерінде (АҚШ-та,Ұлыбританияда, Бельгияда,Ресейде және т.б.) жүргізілген зерттеулерде оқытудың технологиялық тәсілінің тиімділігі дәлелденген. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында оқыту формасын,әдістерін,технологияларын таңдауда көп нұсқалылық қағидасы бекітілген,бұл білім мекемелерінің мұғалімдеріне,педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға,педагогикалық процесті кез келген үлгімен құруға мүмкіндік береді.Оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында жаңа білім парадигмасына сүйене отырып,оқыту технологиясының өзіндік нұсқасы жасалған болатын.Оқыту технологиясының әзірленген нұсқаның бір ерекшелігі-оның білімді меңгеруге емес,тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процестерді;яғни,жадының алуан түрлерін (есту,көру,қимыл және т.б.) ойлауды,ынтаны,қабылдау қабілетін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға,сондай-ақ тұлғаның қауіпсіздігін,өзін-өзі өзектілендіру,өзін-өзі бекіту,қарым-қатынас,ойын,танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға;белсенді сөздік қорын (ауызша және жазба тілінде) дамытуға бағытталуы.Бұл технологияның тағы бір ерекшелігі дарынды балалармен тұрақты және жүйелі жұмыс істеу мүмкіндігі болып табылады.Технологияның бұл әзірленген нұсқасы модульдік сипатта. Модуль дегеніміз- қандай да бір жүйенің,ұйымның анықталатын,біршама дербес бөлігі.(С.И.Ожегов). Педагогика ғылымдарының кандидаты,Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институттың Педагогикалық зерттеулер орталығының директоры,Қазақстанның түрлі аймақтарындағы эсперименталдық мектеп-зертханалардың ғылыми жетекшісі болған М.М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде» тақырыбында Алматы қаласында курсында болып,сертификат алдым.Сол курстан алған дәрістерімді сабақтарымда кейбір элементтерін қолданып келемін. Болашақ ұрпақ үшін білім беру мен тәрбиелеудегі тиімді ізденістер және әр елдің озық тәжірибелерін жүзеге асырып,әлемдік педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамыту әр ұстаздың міндеті екені сөзсіз.
Қазіргі таңдағы оқытудың маңызды мәселесі-оқушылардың танымдық қызметінің артуы,жеке тұлғаның өзіндік дамуына бағыт беру,оның жүзеге асуын қадағалау. Оқушыларға Қазақстанның әр табиғат аймағын жете тануға қызығушылығын ояту,оларды қосымша ізденуге,картамен жұмыс істеуге,әр түрлі тәсілдермен білім алу жолдарын үйрету,қорытынды жасай білуге дағдыландыру,туған жер табиғатын сүюге,өз ойын дұрыс,нақты жеткізе білуге үйрету мақсатында модульдік технологияның түрлі элементтерін сабаққа қолданамын. 8-9 сыныптарда оқытылатын «Қазақстанның физикалық географиясы» мен «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» пәндерін міндетті түрде Қазақстанның физикалық картасы мен Қазақстанның экономикалық картасын пайдалана отырып, кескін карталарымен жұмыс жасау арқылы білімдерін жетілдіріп отырамын.Қазақстан аумағының Каспий маңы ойпатынан,Алтай тауларына дейін,Батыс Сібір жазығынан,Тянь-Шань тауларына дейін созылып жатқан жерін картадан көрсете отырып,үнемі қайталатамын. 8 сыныптың «Қазақстанның физикалық географиясы» пәнінде «Қазақстанның географиялық орны,көлемі,шекарасы,зерттелу тарихы» тақырыбындағы сабақта оқыта үйрету ойындарын қолданған тиімді. Оқушылардың білім деңгейлеріне қарай «Өз жартыңды тап», «Сен-маған,мен-саған» геимдерін қолданамын. Бүгінгі география пәнінің оқушылар назарын әдеттен тыс фактілерге,үрдістерге,табиғат феномендеріне аударуға зор мүмкіншіліктері бар.Бұл пән оқушылардың ойлау белсенділігін туғызады,жаңаға деген құмарлығын арттырады және баланың білімге деген сүйіспеншілігін оятады. Пәнге танымдық қызығушылықты қалыптастыруда тақырыптарды,сабақтарды ұйымдастырудың алдында берілетін мақсаттық бағдарламалардың ролі ерекше.Оқушылардың өз беттерімен жұмыс атқаруына жағдай туғызу үшін тапсырмаларды кесте құрастыру,тірек-сызбалар сызу,сынып тақтасындағы,экрандағы,плакаттағы негізгі білім мен біліктердің тізбесі түрінде беруге болады.Оқу үрдістерінде оқушылардың түрлі географиялық ақпарат көздерімен оқу қызметін ұйымдастыру үлкен роль атқарады.Жаратылыстану курсынан «Дүниежүзілік мұхит»тақырыптары бойынша алған білімдеріне сүйене отырып,дүниежүзілік су айналымы және оның табиғаттағы қасиеттерінің қозғалыстарын, ағыстарының зерттелуін, қорғалуының мазмұнын қосымша деректермен түсіндіру арқылы ой-өрісін дамыту мақсатында 6 сыныптың «Физикалық географиясы» пәні бойынша негізгі тірек сызбалар пайдаланылды,өткен тақырыптарды қайталау ретінде сұрақтар қойылды.Келтірілген сызба «Гидросфера» тақырыбын еске түсіріп,терең меңгеруге мүмкіндік берді.Оқушылар сызбаны дәптерге сызып отырады және келесі тапсырма берілгенде өз бетімен сызуға дағдыланады. Мұхит суының температурасы мен тұздылығы жайлы оқушыларға проблемалық сұрақ қойып,өздерінен жауап алып,оны толықтырып отыруға болады. Одан әрі «Жер-Күн жүйесінің планетасы»тарауынан алған білімдерімен ұштастырып отыруға болады. Түрлі суреттерді пайдалана отырып,жалпы жер беті суларын қорғау, «Табиғат-Адам» ара қатынасын айқындайтын тірек сызбалар арқылы түсіндірілді. Оқушыларды топқа бөлу арқылы топтық жұмыстар беріп, «Не?Қайда?Қашан?» оқыта үйрету ойыны, географиялық диктант,кескін картамен жұмыс жүргізілді. Оқу-тәрбие үрдісінде модульдік оқыту технологиясын қолданудың ерекшелігі: оқушылар бірлесіп жұмыс жасауға үйренеді,өзара бір-бірімен қарым-қатынастары сыйластықта,достық сезімде болады,ұжыммен жұмыс жасауды үйренеді.Сонымен бірге,өз бетінше жұмыс жасап,пәнге деген қызығушылығы артады. Оқушыларды топтарға бөлу арқылы сабақ кезінде көптеген тапсырмаларды орындатуға болады. А-тобына жер шарындағы судың үлесіне (мұхит,теңіздер) диаграмма құрастыру берілсе, Б-тобына дүниежүзілік су айналымының сызбанұсқасын салу,В-тобына жоспарға сай кез келген өзенге сипаттама беру тапсырмаларын беріп,барлық тапсырмалар арқылы сабақты бекітіп, қорытындылатуға болады. Жаратылыстану-математика бағытында оқыған 11 сыныпта «Дүние жүзінің экономикалық және әлеуметтік географиясы »пәні бойынша экономикасы жоғары дамыған Жапония мемлекеті туралы өткізген сабағымда елдің жалпы бет-бейнесі туралы түсіндірме жүргізіп,пресс-конференция түрінде өткізіп,топпен жұмыстар атқарылды.«Мені түсін» рольдік топтық жұмыста мұғалім тарапынан диалогқа шақыру және оқушылардың пікірлерін тыңдау болды.Сабақты бекіту кезеңінде оқушылар өз ойларын ортаға салып,сабақтан қорытынды ойбайлам шығарылды.Қандай болмасын елдің экономикалық және ғылыми-техникалық дамуы,бәсекеге қабілеттілігі,ұлт болашағы,адами капиталының деңгейі мен мемлекеттің қауіпсіздігі сол елдің білім беру жүйесінің дамуы мен білім сапасына тікелей тәуелді болатынын ескере отырып,оны дамыту мақсатында ғылыми негізде жүйелі жұмыс жүргізілуі қажет.