Просмотр содержимого документа
«Баяндама. "Географиялық білім беру жолдары арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру жолдары"»
ММ «Хмельницкий жалпы білім беру орта мектебі»
Шарбақты ауданы, Павлодар облысы
Баяндама
« ГЕОГРАФИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖОЛДАРЫ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУ»
Дайындаған: Жакишева Самал Ажмагыновна
2017 жыл
ГЕОГРАФИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖОЛДАРЫ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН ДАМЫТУ.
Қазіргі таңда әлемдік оқу үрдісінің өзегі – жаңа технологиялар екені баршамызға мәлім. Жаңа технологиялардың бірнеше түрлері бар. Әлемнің бірнеше елінен сынақтан өткізілген жаңаша оқыту 4 бағытты қамтиды. Олар модульдік технология, рейтинг жүйе, дамыта оқыту технологиясы, сын тұрғысынан ойлау. Әрбір технология өзіндік жаңа әдіс – тәсілдермен ерекшеленеді. Әдіс – тәсілдерді мұғалім ізденіс арқылы оқушы қабілетіне, қабылдау деңгейіне, қарап іріктеп қолданылады. Мұғалім өзіне тиімді, пайдалысын жетілдіре түседі. Демек берілетін білім де, тәрбиелік тәлім де шәкірттің шамасына үйлесімді, таным – түсінігіне сәйкес келсе ғана жүзеге асады.
География пәні – өзіндік ерекшелігі бар пән. Ол жалпы құрлық – жер бетін, планетамызды, ондағы тіршілік ететін өсімдік – жануарлар дүниесін, жер бедерін, байлығын және өмір сүріп отырған бірнеше мыңдаған ұлттар мен ұлыстардың тіршілігін зерттеп үйрететін ғылым. Сондықтан, география пәні мұғалімі болу деген сөз – кең көлемді, терең білімді, есте сақтау қабілеті күшті, мазмұн – табиғаты терең ұстаз мұғалімдерді талап етуі, әрі осыны қажет етеді.
ГЕОГРАФИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖОЛДАРЫ:
Әрбір пән мұғалімінің мақсаты – оқушыларға сапалы білім беру. Сабақта қолданылған оқытудың әр түрлі әдістері оқушылардың білім сапасын арттыруда және пәнге қызығушылығын, сонымен қатар әр баланың іскерлігін, ізденімпаздығын, байкау қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сабақта қай тақырыпта болса да ғылыми – теориялық әдебиеттер, оқу- әдістемелік құралдар, көрнекіліктер, электронды материалдар, т.б. пайдалануға болады. Басқа пәндерге қоса географиядан да тиянақты білім берудің негізі – географиялық білім түрлерін жүйелі оқыту. Географиялық білім түрлерін атап айтар болсақ: геологиялық, климаттық, картографиялық, номенклатуралық, топонимикалық, тарихи, экологиялық және экономикалық білім деп бөлуге болады.
1. Геологиялық білім арқылы оқушылар жер қыртысының тұрақты және тұрақсыз түрлерімен танысып, соған байланысты табиғаттың бірнеше ғасыр бойы табиғи жолмен даму тарихынан білім алады. Бұл теориялық білімдерін танымжорық кезінде өз өлкесінен жинап алған тау жыныстарының түрлерін анықтауға тапсырма беру арқылы практикалық дағдыларымен ұштастыра аламыз.
2. Климаттық білім жер бетіндегі климаттың климат туғызушы факторларына тәуелділігін, ауа-райы құбылыстарының шаруашылықты ұйымдастыруға әсерін үйрете отырып, картаны пайдалану және оны оқи білуге баулу, логикалық ойлау қабілеттерін арттыру арқылы беріледі.
3.Картографиялық білім оқушылар картамен жұмыс істеу кезінде беріледі. География сабағында жер бедерінің формасын анықтауда, масштабты қолдана отырып қашықтықты есептеуде, климаттық картаның көмегімен әр материктің климатын оқи біліп, климатты қалыптастырушы факторларды анықтауда, елдердің физикалық – географиялық жағдайын сипаттауда және экономикалық географиясына, т.б. сипаттама беруде географиялық картаның маңызы зор.
4.Номенклатуралық білім оқушы картамен жұмыс істеп, географиялық атауларды меңгеріп отырса беріледі. Мысалы, 6 сыныптың литосфера тарауында ең биік 10 тау, ең ірі 10 жазық, гидросфера тарауында ірі 10 теңіз, ең ұзын 10 өзен, ең ірі 10 көлді картаға түсіріп жаттау арқылы білімін арттырса, дүние жүзінің әлеуметтік – экономикалық географиясы сабағында жер көлемі ірі елдер, халқының саны көп 10 ел, экономикасы дамыған елдерді анықтап, есте сақтаулары арқылы номенклатуралық білімдерін арттырамын.Осындай тапсырмалар арқылы оқушылар картамен жұмыс істеуге төселіп,олардың танымдық білімдері мен есте сақтау қабілеттері артады. Егер оқушы өзінің оқыған географиялық атауларының шығу тегімен танысып, тоқталып, мән беретін болса, топонимикалық білімі бекітіледі. География сабағында оқушыларға өздерінің қалауы бойынша үш сөздің тарихын тауып келуге тапсырма беру арқылы оларға шығармашылық жұмыс істеуге жағдай жасаймыз.
5.Экологиялық білім табиғатты қорғауға, аялауға тәрбиелеуде, туған жерге деген перзенттік адамгершілік борышын сезінуге көмектеседі. Түрлі экологиялық тапсырмалар, яғни өз ауылындағы бұлақтар немесе өзеннің табиғат компоненттерінің ерекшеліктерін сипаттау, жыл мезгілдері бойынша өзгерістерін бақылау, ауыл халқының тұрмысы мен шаруашылығында алатын орнын анықтау, адам әрекеті нәтижесінде болатын табиғаттағы өзгерістердің себебі мен оны жою жолдарын табуда оқушыларға тапсырма беру арқылы экологиялық білімдерін өз беттерінше арттыруларына көмектесе аламыз.Мысалы, ауыл жанындағы « Маралды » көлінің экологиялық ерекшелігі зерттеліп көл табиғатына сипаттама берілді. Оқушылар көлдің геологиялық, биологиялық, экологиялық , шаруашылық сипаттамасын жасады.Көлдің өсімдіктер дүниесі шөпті және бұталы өсімдіктерден тұрады. Өсімдіктері көп түрлі, жиі және тығыз өскен.Бұлақ жануарлар дүниесіне бай.Сүткөректілерден қоян және сарышұнақ мекендейді
6.Экономикалық білім де экономикалық білім жүйесін игеру барысында, экономикалық есептеуде, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, өндірістегі іс- әрекет экономикасын талдау арқылы меңгеріледі.Оқушыларға нарықтың құрылымы мен кәсіпкерлік жүйесін ұғындыруда, нарықтық білім берудің бағыттары мен кәсіпкерлікке баулудың әлеуметтік педагогикалық қажеттілігін түсіндіреді. Сонымен қатар, оқушыларға нарықтық ұғымдарды оқыту барысында экономикалық білімдерін қалыптастырады. Оқушыларға ауыл халқының өсу динамикасын анықтау, әр шаруа қожалықтарының шаруашылықты ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысу, қорытынды жасау, өнімнен түсетін қаржыны болжау жұмыстарын үйрету арқылы экономикалық білім беруге болады.
Мұғалім жоғарыдағы білім түрлері арқылы география пәндерін оқытуда оқушылардың танымдық деңгейін арттырады. Яғни, оқушылар өз беттерімен тапсырма орындап, оқу материалдарының мазмұнын жақсы меңгеріп, өз ойларын толық және дәлелді жеткізуге төселеді. Олардың ойлау және сөйлеу қабілеттері артады. Өз беттерімен керекті материалды тауып, тапсырмаларды дұрыс орындауға үйренеді.
Танымдық белсенділік дегеніміз – оқушының оқуға, білімге деген ынта – ықыласының, құштарлығының ерекше көрінісі. Мысалы: мұғалімнің баяндап тұрған материалын түсіну үшін, оқушының оны зейін қойып тыңдауы, алған білімін кеңейтіп толықтыру үшін, өздігінен кітап оқуы, бақылау, тәжірибе жасау, жазу, сызу сияқты жұмыстар істеуі керек. Өйткені өтілген материалды саналы қайталауда, жаңадан білім алуда, оның жолдары мен дағдыларына үйренуде белсенділіксіз мүмкін емес.Танымдық әрекеттің негізінде оқушыларда танымдық белсенділік қалыптасады. Сабақ барысында оқушының бойында танымдық белсенділік пайда болса, оқушылардың ақыл – ой қабілеттерінің мынадай элементтері дамиды: зеректілік, байқағыштық, ойлау және сөйлеу дербестігі т.б.
Танымдық әрекет – шәкірттің білімге деген өте белсенді ақыл – ой әрекеті. Ол танымдық қажеттіліктен, мақсаттан, таным қисындарынан және әрекетті орындаудың тәсіл – амалдарынан тұрады. Танымдық белсенділікті бір ғана белгімен көрсетуге болмайтын ұғым, оның алуан қырлы сипатын айқын көреміз. Сондықтан оқу барысында оқушының таным белсенділігін арттыруда олардың өз бетінше танымдық ықылас – ынтасын шығармашылық әрекетін дамытатындай етіп ұйымдастырады. Танымдық әрекеттің үш дәрежесі болады.
1-Дәреже – жаңғыртушы белсенділік – шәкірттің материалды жадылап, қайта жаңғыртуға, оны үлгі бойынша қолдануға , меңгеруге ұмтылысымен сипатталады. Белсенділіктің 1 – дәрежесіне тән көрсеткіш – оқушының бойында білімін тереңдетуге деген ұмтылыстың болмауы.
2-Дәреже – түсіндіруші белсенділік-оқушының оқығанын зерделеуге, оны өзіне белгілі ұғымдармен байланыстыруға, білімін жаңа жағдайларда пайдалану жолдарын меңгеруге ұмтылысынан көрінеді.2-дәрежеге тән көрсеткіш оқушының бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге ұмтылуынан, қиындыққа тап болғанда оны жеңудің жолдарын қарастыруынан байқалатын үлкен дербестігі.
3-Дәреже – белсенділіктің шығармашылық дәрежесі – оқушының тапсырманы шешудің тың жолдарын іздестіруге деген ұмтылысымен сипатталады.Бұл дәреженің ерекшелігі – мақсатқа жетудегі табандылық, танымдық ынтаның негіздері мен әр алуандылығы.
Сонымен қатар география сабақтарында экскурсияның маңызы зор.
Экскурсия жұмысының мақсаты – оқушылардың сабақта алған теориялық оқу материалдарын практикамен жалғастыру, бекіту.Сондықтан оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруда маңызы зор. Ол барлық оқу пәндерінде, әсіресе физика, химия, биология, тарих сабақтарында кеңінен қолданылады. Бұл оқушылардың оқу процесін бақылай білуге жаттықтырады және оқу материалын өмірмен байланыстыра алуға үйретеді.
Оқытуды экскурсия жолымен ұйымдастырудың үш түрі бар:
1. Кіріспе экскурсия Ол - сабақта күрделі тарауда тақырыптарды өтер алдында үйымдастырылады.
2. Ілеспелі экскурсия Ол- белгілі бір тақырыпқа арналып, сабақ барысында оның орта шенінде немесе өн бойында жүргізіледі.
3. Қорытынды экскурсия. Ол- күрделі немесе тақырыпты өтіп болғаннан кейін оқушылардың сабақтар жүйесінде алған теориялық білімдерін пысықтау,бекіту мақсатын көздейді.
Қазіргі жаңа педагогикалық технология географияны оқытуда Шаталовтың ұсынған әдісі негізінде тірек – конспект, диаграмма, график, логикалық тірек – сызбасы қолданылады
Дамыта оқыту. «Даму» ұғымының психологиялық анықтамасы – жаңарту үрдісі, жаңаның өмірге келіп, ескінің жоғалуы деген мағынаны береді.
Модульдік технология. Бұл оқыту технологиясының негізі – оқушының танымдық белсенділігін, танымдық іс – әрекеттерінің әр түрлі іс – әрекеттерін (есту, көру, т.б) ойлау, зейін (назар) қабылдау әрекеттерін, ойын арқылы және сөздік байлықтарын дамыту.
Жаңа технология жүйесіндегі мәнді ойындардың маңызы зор. Мұндай сабақтарда оқушылардың әртүрлі проблемаларды, оларды шешу жолдарын іздестіруге мүмкіншілік туғызып, олардың логикалық ойлау қабілетін дамытады. Ересектердің қатынас құралы – тіл болса, балалардың қатынас құралы – ойын. Ойын сабағында әрбір оқушы жауапкершілікке ие болады. Алдағы мақсатқа жету үшін ойланып, шешім қабылдауға дағдыланады. Ойын сабақтары өтілген материалды пысықтауда қолданылады.
Ойын технологиясының оқушылардың дамуы мен білім деңгейіне әсер етуінің 3 жағын айқындауға болады.
Бүгінгі таңда білім берудің жаңаша негізін жоғары технологиялар құрауда. Дәстүрлі білім беруден бас тартып, жаңашылдыққа ұмтылу кезеңі басталды. Жаңа технологиялардың 50 – ден астам түрінің бірқатары Қазақстан мектептеріне еніп отыр. Жаңа педагогикалық технологиялар интеграция және дифференциация ұстанымдарына негізделеді. Интеграция ұстанымы денсаулығын сақтай отырып, оқушы жүктемесі мен уақытты тиімді пайдалану проблемасын шешсе, дифференциация ұстанымы оқушымен жеке түрде мақсатты жұмыс жүргізуге негізделеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Қазақстан Республикасының 12- жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасы. «Айқын газеті» 26 тамыз 2013 ж.
2.Мектеп оқушыларының психологиялық ерекшеліктерін анықтауға арналған психодиагностикалық қызмет. Құрастырған Л.К.Көмекбаева. Алматы, 2004.
3.А.Әбілқасымова, Р.Омарова. Мұғалімдердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру негіздері. Алматы., 2016 ж.