Берем сізге,берем мен бәріңізге! (балалар тәрбиешіні қайталап, әр түрлі қимылдармен көрсетіп орындайды)
Өзіммен өзім:
Туған өлкеміздің табиғаты қандай тамаша! Айналамыз жап-жасыл,сан алуан тамаша гүлдер хош иісін аңқытып, биік, биік ағаштар мейірімді анадай көлеңкесін тосып тұр. Туған жердің әрбір шөбі, әр гүлі, әр ағашы, салқын самалы, қасиетті топырағы көзіңе оттай ыстық. Оның қызыл-жасыл көбелегі, құстардың құйқылжыта салған үні, жан-жануардың дыбысы құлағыңа жағымды естіледі.Туған жердің таза ауасымен дем алып, көңілдерің көтеріліп, жандарың жайланып қалды.
(Балалар ыңғайланып отырып,үнтаспадан табиғаттың дыбыстарын тыңдайды және көз алдыларынаелестетеді.алған әсерлерін, ойлаған ойларын ортаға салады)
Тәрбиеші: Енді, туған жерімізге қандай жақсылық жасай алатынымызды ойлап, көз алдымызға елестетіп көрейік.
Ал енді көзімізді ашып, өз ойларымызбен бөлісейік.
Туған жер дегенді қалай түсінесіңдер? (балалар өз ойларын айтып, пікірлерімен бөліседі, жаттаған тақпақтарын айтып береді)
Сахналық көрініс: «Туған жер туы» (балалар өз беттерінше сахналап, көрініс көрсетеді)
1 бала: Біз ауылда тұрамыз. Атам, әжем, мамам, папам, кішкентай інім – Ербол және мен – Асылзат – бәріміз бір отбасынанбыз.
Наурыз айының соңында ауылға көп тал көшеттері әкелінді. Ауыл адамдары жиналып сенбілік жасады.
Сол күні атам, мамам, папам, Ербол ертелетіп қалаға қыдырып кетті, үйде әжем екеуіміз ғана қалдық.
Әжем ұлкен орамалмен белін буынып алып, қолына күрек ұстап, аулаға шықты.
Балалар: «Әже, әкеліңіз сіз үшін талды өзіміз – ақ отырғызамыз ғой».
2 бала: «Қарақтарым,туған жерге туың тік» деген және тағы «Еңбек түбі-береке, көптің түбі - мереке» деген де бар. Мерекеден немерем екеуіміз қалай қалыс қалмақпыз.
1 бала: Әжем көшетке арналған шұңқырды тереңірек қазды.
2 бала: «Таяз қазып, талымыз желге ұшып кетіп масқара болармыз».
1 бала: Әжем қазған шұңқыр тіпті өзгелердікінен тереңірек көрінді маған.
Жан-жаққа тамыры жайылған жіңішке тал көшетін шұңқырға түсіріп:
2 бала: - Асылзат, ұста,түзу ұста.
1 бала: Мен талды титтей де қисатпай ұстауға тырысып – ақ тұрмын. Сөйтіп, біздің де көшетіміз егілді.
Тәрбиеші:-Әжесі мен Асылзат туған жерге сүйіспеншіліктерін қалай білдірді?
- Өздерің туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңді қалай білдірер едіңдер?
- (Көрініс бойынша балалар өз ойларын айтады, туған жер туралы өлеңдер оқылады, пікірлерімен бөліседі)
Тәрбиеші: Әрбір адам үшін туған ел, туған жер барлық уақытта да қымбат. Өйткені туған өлке саған алтын бесік атамекен болып саналады. Туған елді әңгіме еткенде оған деген сүйіспеншіліктен жүрегіміз лүпілдейді. Туған елдің құдіреттілігі соншалықты, жаныңды баурап алады. Дұрыс айтасыңдар, балалар туған жерді ауылды, қаланы көркейтуіміз, оған қамқорлық жасауға өз үлесімізді қосуымыз туған жерге сүйіспеншілікті білдіреді.
Дәйексөз
«Туған жер –алтын бесік»
Әркімге өзінің туып-өскен жері, оның сылдырап аққан суы,биік таулары, қош иісті гүлдері де ыстық. Сондықтан әркім өзінің туған жеріне деген махабатын, Отанына сүйіспеншілігін, мақтанышын түрлі жолдармен білдіреді. Ақын –жазушыларымыз туған жердің сұлу табиғатын жырласа, суретшілеріміз суретін салады.
Балалар сендер өз туған жерлеріңе деген сүйіспеншіліктеріңді қандай ғажайып сөздермен білдіресіңдер? (Балалар жаттаған өлең - тақпақтарын айтады)
Аяжан:
Аспанымдай мөлдірмін,
Жайлауымдай жазықпын.
Өзенімдей өршілмін,
Гүлдерімдей нәзікпін.
Қуат алған өзінен,
Қуат алған өзінен,
Бақытты етіп өсірген,
Отанымның гүлімін.
Нұрсая:
Туған жер-алтын бесігім,
Тербеттің мені төсіңде.
Жүреді сенің есімің
Мәңгі бақи есімде.
Диана:
Төскейден жел еседі,
Төбемнен бұлт көшеді.
Туған жерім мен үшін,
Көк майсасын төседі.
Санжар:
Ұлтарақтай болса да,
Ата қоныс жер қымбат.
Ат төбеліндей болса да,
Туып өскен ел қымбат.
Фатима:
Жұп-жұмсақ жұпар желі бар,
Мөп-мөлдір айдын көлі бар.
Нөсерлеп құяр селі бар,
Бәйшешек толы белі бар,
Еңбекті сүйген ері бар,
Осындай менің жерім бар!
Адина Ш:
Ақ жаңбырға шомылып,
Туған жердің алабы,
Қызғалдаққа көміліп,
Көздің жауын алады.
Дильназ:
Қазақстан, туған жерім –киелім,
Қастерлеймін, басымды мен иемін.
Табиғаттың–таптырмас жан байлығым,
Бәрін-бәрін аялаймын,сүйемін.
Шығармашылық іс-әрекет
Тәрбиеші: Ал, енді балалар қазір біз көз алдымызға туған жерімізді, ауылымызды елестете отырып, бейнелеп көрейік. Ең алдымен, ол үшін бізге түсті бояулар қажет, ал оларды біз дәстүрлі емес тәсілмен сиқырлапжасап шығарамыз. Мен көрсетемін сендер мұқият қарап, естеріңе сақтап алыңдар:( 0,5кг ұн, 3 ас қасық тұз, 3-4 ас қасық өсімдік майы, 150 гр ПВА желіміне су қосып араластырып, қалауымызша түсті ас бояуын қосып, қалаған түсті шығарамыз). Балалар тәрбиешінің нұсқауын ескере отырып, өз беттерінше бояу жасап, ватман беттеріне сурет салады.
«Мақалды аяқта» ойыны: (тәрбиеші мақалды бастап айтады, балалар аяқтайды)
Аққу айдынын аңсайды....
(Адам туған жерін аңсайды).
2. Бөтен жердің гүлінен...
(Туған жердің тікені артық).
Сағынған ер елін аңсайды...
(Сарала қаз көлін аңсайды).
4.Туған жердің жері де көрікті...
(Елі де сүйікті).
5. Туған жердей жер болмас...
(Туған елдей ел болмас).
Жүректен жүрекке
Балалар мен өз отаныма туған жеріме деген сүйіспеншілігімді былай білдіремін.
Ал балалар сендер өз туған жерге деген сүйіпеншіліктеріңді қалай білдіресіңдер?
Балалар жауабы:
Туған жерімді аялаймын.
Туған жерімді сүйемін.
Туған жерге қамқормын.
Мен отанымды сүйемін.
Мен Қазақстанның ұланымын.
Мен туған елімді сүйемін.
Мен тәуелсіз елімді жақсы көремін...
Тәрбиеші: Жарайсыңдар балалар! Бүгін сабақтан қандай әсер алдыңдар?
Не жайлы білдіңдер? (балалар жауабы) Балалар, туған жер бұл - біздің туып өскен жеріміз. Оны қастерлеп, аялау – сендердің борыштарың. Қорытындылай келе, тәрбиеші балаларды жарты шеңберге шақырып, «Болашақтың гүліміз» әнін орындауға шақырады.