Бүгінгі оқу іс – әрекетінде отбасы жайлы әңгімелесеміз. Отбасы деген кім деп ойлайсыңдар ? Отбасы - бір үйде тұратын ең жақын адамдар. Олар сендермен бірге тұратын ата, апа, әже, әке, ана, аға, іні, қарындастарымыз. Біздерге үлкен адамдардың көмегі және сүйіспеншілігі қажет. Балалар сендер ең жақсы көретін адамдар, олар аналар, әжелер, аталар. Енді, балалар, экранға (слайд) қараңдаршы. Мына суреттерден кімді көтіп тұрсыңдар? Дұрыс, суретте балалар әкесіне, шешесіне көмектесіп жатыр. Балалар не істеп жатыр? Ол анасына ыдыс сүртуге көмектесіп жатыр. Ал мына суретте әкесі мен баласы ойын ойнап жатыр. Жарайсыңдар!
Сергіту сәті.
Бір үйде біз нешеуміз?
Кел санайық екеуміз,
Бас бармағым – әкем
Балан үйрек – анам
Ортан терек – ағам
Шылдыр шүмек – мен
Кішкене бөбек – сен.
Жарайсыңдар, балалар, кішкене сергіп алдық, енді, балалар қазір біз тақпақтарымызды айтамыз.
Медина . Ата
Ата – үлкен кәріміз
Қуат берер дәріміз
Әулиедей айалап
Ардақтаймыз бәріміз.
Медет. Апа
Мейірімді апалар
Балалар кеп бата алар
Қалтасына кәмпит сап
Немереге апарар.
Бекнұр. Әке
Әкеме еріп жиналып
Қолға қамшы аламын
Табынды өзім суғарып
Шалғынға айдап барамын
Бегарыс. Мама
Өнері қол ұшында
Мамам менің тігінші
Тігіншінің ішінде
Бас бармақтай бірінші.
Айым. Әже
Әжедей данадан
Ертекке қанамын
Шақырса даладан
Жүгіріп барамын.
Қазына. Әже
Әжем өрнек тереді
Сырмақ сырып оюлап
Басы ауыра береді
Шәй ішпесе қоюлап
Зарина.Тәте
Таудай менің талабым
Айна мен ақ тарағым
Алып беріп тартпадан
Тәте көңілін табамын.
Батыр. Іні
Бір ісіме қанама?
Деп қарайды апама
Сипаттырып басынан
Еркелейді атама.
Жарайсыңдар, рахмет.
Балалар, біздің топқа қазір қонақ келу керек. Біздің әдемі қыздар қонақты ертіп келуге барады. Ал біз қазір «Кім жоқ?» Д/ойын жүргіземіз. Отбасы мүшелерінің жеке суреттерін іліп ішіндегі бір мүшесін жасырып қою, балалардан сұрау «Кім жоқ?»
Мінеки балалар біздің топқа әжеде келді, қолында ыстық бауырсақ пен құрты бар.
Сәлеметсіңдер ме балалар! Сәлеметпіз әже. Әже төрлетіңіз. Әже сізге деген біздің сыйлығымыз бар, немереңіз Қарақат сізге ән айтып береді «Әжемнің шәйі». Біздің балалар мақал – мәтел айтып бере алады.
Алмас. Әкеден ақыл, анадан мейір.
Ағасы бардың жағасы бар.
Айша. Інісі бардың – тынысы бар.
Баян. Әке асқар тау, ана бауырындағы бұлақ,
Бала жағасындағы құрақ.
Топтық жұмыс.
Балалар өздерінің отбасы суреттерін үлкен қағаз бетіне әдемі етіп орналастырады. Жұмысты таза, мұқият жасауға тырысады. Өз еңбектерінің нәтижесіне қуанады. Әжеге өз қолдарынан жасаған гүлдерді сыйға тартады.
Балалар, бүгін біз кімдер туралы айттық? Отбасы туралы. Сендер бүгін барлығың өте жақсы, белсенді болдыңдар, рахмет!