Просмотр содержимого документа
«Айналамен таныcу саба?тарында ойындардарды ?йымдастыру»
Айналамен таныcу сабақтарында ойындардарды ұйымдастыру
Ойын балалардың қызығушылығын, белсенділігін арттырып, ойлау қабілетін дамытуға, ұжымшылдыққа тәрбиелейді, тапқырлыққа, жылдамдылыққа баулиды.
Дұрыс таңдап алынған ойын баланың қиялын, сана-сезімін өсіріп, сөздік қорын молайтып, өз бетімен еңбектенуге дағдыландырады.
Ойынның түрі балалардың жас ерекшеліктеріне және тақырыпқа байланысты таңдалады.
Ойынның ойналу түрлері:
Топ болып ойнау.
Екеуара, үшеу болып ойнау.
Кішірек топ құрып ойнау.
2 топқа, 3 топқа бөлініп ойнау.
«Гүл дүкені» ойыны
Мақсаты: Өсімдіктердің негізгі белгілерін ерекшелеу және оларды сипаттай білу
Ойынның барысы: Өсімдіктерді немесе белгілі өсімдіктер бейнеленген карточкаларды бәрі көретіндей жайып қояды.
Тәрбиеші балалардың бірін - сатушы, қалғандарын - сатып алушылар етіп тағайыдайды.
Өсімдікті сатып алу үшін, оның атын атамай сипаттау керек, ал сатушы сипаттау арқылы тауып беруі керек.
Сатып алушы толық сипаттай алмаса, сатушының қосымша сұрақтар беруіне болады. Егер сатушы өсімдікті таба алмаса, оның орнын сол өсімдікті танитын бала алады да, өзі сатып алғысы келген өсімдікті тауып береді.
Өсімдікті кім көп сатса немесе сатып алса сол ұтқан болып есептеледі. Егер бұл ойын 1-ші рет өтіп тұрса сатушы немесе сатып алушы рөлін тәрбиеші алдымен өзі атқарады.
Не қайда өседі?
Мақсаты: балалардың өсімдік жөніндегі білімін бекіту, заттар арасында кеңістік байланыстарын анықтау дағдысын дамыту, өсу орнына қарай өсімдіктерді топтастыру. Балалардың өз бетінше ойлау қабілетін және белсенділіктерін дамыту.
Ойынның шарты: бақ пен бақша салынған үлкен суреттердегі бос тор көздерге жеміс-жидектерді дұрыс орналастыру.
Ойынның барысы: ойыншылар 2 топқа бөлінеді. Бір топта бақтың суреті салынған, екінші топта бақшаның суреті салынған үлкен сурет болады. Суреттер астында бос тор көздер бар. Қобдишада үлестірмелі карточкалар жатады.
Жүргізушінің белгісі бойынша балалар қобдишадағы үлестірмелі карточкаларды жарыса отырып тор көздерге орналастырады. Олардың атауын атайды.
Бұл қай кезде болады?
Мақсаты: балаларды белгілі бір жыл мезгіліне байланысты әңгіме немесе тақпақ түрінде берілген табиғат көріністерін салыстыра білуге үйрету, есту, ойлау қабілетін дамыту.
Бу ұшады жоғары,
Сайларға су толады.
Дүрілдейді трактор,
Түрленеді қырт-қыр.
Жұпары аңқып даланың,
Иісі мұрын жарады.
Жылы самал соғады,
Бұл қай кезде болады? (Көктемде)
Көлдің беті кілегей,
Жер сап-сары бірегей.
Тырау-тырау тырналар,
Түстікке бетті бұрды олар.
Қара суық жел есті,
Күннің көзі көмескі.
Ауыл егін орады,
Бұл қай кезде болады? (Күзде)
Бұл қандай құс?
Мақсаты: Белгілі бір ерекшеліктеріне қарай құстарды суреттеуге үйрету және оларды ажырата білу.
Ойынның барысы: жүргізуші қарлығаш пен тоқылдақтың суреттерін балаларға көрсетіп, әрқайсысының ерекшеліктерін сипаттап беруді ұсынады. Балалалар бұл құстардың ерекшеліктерін суреттеп, аттарын атайды.
Жүргізуші: Бұл құстарды тағы қалай атауға болады?
Олардың қандай пайдасы бар: (тоқылдақ - орман дәрігері, қарлығаш - адамның досы)
Тұқымына қарай ағашын тап.
Мақсаты: Бүтінді бөліктері бойынша табу, кеңістікті бағдарлай білуді үйрету.
Керекті құралдар: Қыста сақталатын ағаштардың, бұтақтардың тұқымы және жемісі: емен, үйеңкінің түрлері т. б.
Ойынның шарты: Ойын қыс кезінде жүргізіледі. Бастаушы балаларға тұқымдарды таратып береді. Балалар бытырап ойнап жүреді.
Берілген белгі бойынша қолында қай ағаштың немесе бұтақтың тұқымы болса бала соған жүгіріп барады. Ойын соңында басқа ағаштар мен бұталардың да айырмашылығы айтылады.
Үй жануарлары мен жабайы аңдарды ата
Мақсаты:Үй жануарлары мен жабайы аңдар туралы білімдерін бекіту. Тез ойлау қабілеті мен, зейінін тәрбиелеу, белсенділігін арттыру.
Ойынның шарты: орманның, қораның суреттері салынған үлкен картаның астындағы бос тор көздерге тиісті жануарларды жарыса отырып салу.
Ойынның барысы: ойыншылар екі топқа бөлініп, әртүрлі табиғат көрінісі салынған бір-бір үлкен картадан алады. Жүргізушінің белгісі бойынша балалар жануарлар бейнеленген үлестірмелі карточкаларды үлкен картадағы салынған сурет мазмұнына қарай бос тор көздерге орналастырады. Кім бос тор көздерді толтырып, жануарларды дұрыс атаса, сол жеңіске жетеді. Ойыншылар үлкен карталарымен алмасып ойынды одан әрі жалғастырады.
Жақсы мен жаман істерді тауып көр
Мақсаты: жаман әдеттен аулақ болуға, көргенін ажыратып, әңгімелей білуге үйрету. Балалар берілген суреттердің мазмұнына сәйкес жақсы, жаман істерді ажыратады және ол неге жаман, жақсы іс-әрекеттер екенін түсіндіреді.
Көрнекі құралдар: жаман және жақсы іс-әрекеттерді бейнелейтін мазмұнды суреттер.
Ойынның барысы:
Ағаш бұтағын сындырып жатқан баланың әрекетін бейнелейтін сурет.
Ағаштағы құстың ұясын бұзған баланың іс-әрекеттегі суреті.
Әкесімен ағаш отырғызып жүрген баланың әрекетін бейнелейтін сурет.
Құсқа ұя жасап ағашқа іліп жатқан баланың іс-әрекеттегі суреті.
Гүлге су құйып, қамқорлық жасаған қыздың іс-әрекеттегі суреті.
Ағаш бұтағына қонған торғайды рогаткамен атқалы тұрған баланың
әрекетін бейнелейтін сурет.
Көшедеге сән берген гүлдерді жұлған баланың әрекетін бейнелейтін сурет.
Жайлауда қошақанға емізікпен сүт беріп тұрған баланың әрекетін бейнелейтін сурет.
Туған қалаға саяхат
Мақсаты: Туған қала, онда қандай мамандық иелері тұратындығы, көлік тұрлері, ондағы мәдени орындар жөнінде балалардың білімдерін бекіту.
Ойынның шарты: белгі бойынша суреттерді табу.
Ойынның барысы: жүргізуші төрт бағыттағы суреттерді таратып береді: біреуінде - қала тұрғындары, екіншісінде адам еңбегі (құрылысшы, жүргізуші), үшіншісінде - көлік түрлері (автобус, трамвай), төртіншісінде - мекемелер мен мәдени орындар.
Белгі бойынша суреттердің мазмұнын әңгімелеу тапсырылады. Әр топтың балалары сурет бойынша жүргізушінің сұрақтарына толық жауап беруі тиіс. Жаңылмай толық жауап берген топ жеңіске жетеді. Суреттерді ауыстыру арқылы ойындарды қайта ойнауға болады.
Сен жасыр, біз табамыз
Мақсаты: Затты сипаттап беру, сипатына қарай табу. Табиғи материалдарды сипаттау және оны шешу. Ойлау қабілетін дамыту, мұқият болуға тәрбиелеу.
Ойынның шарты: белгілі тәртіп бойынша сипаттау: алдымен пішіні сосын түрі бойынша сипаттау. Жұмбақтау кезінде заттың атын атауға болмайды.
Ойынның барысы: Үстел үстінде табиғи материалдар жатады. (өсімдік тамырлары, кептірілген жемістер, жапырақтар, жаңғақтар т.б.). Бала табиғи материалдардың біреуі туралы жұмбақтайды, екінші бала оны сипаттау бойынша табады. Жұмбақтап тұрған бала сипаттап тұрған затқа қарамауы керек. Ойын осылайша жалғаса береді.