Балабақша балалары болашақ иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты.
Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады.
Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К.Чуковский бала денесінің дамуы мен ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен.
Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді.
Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан (ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады. Мазмұнды-бейнелі ойынның ерекшелігі: оны балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.
Ат мінгізіп, шапан жабу
Құрметті қонаққа, ақынға, батырға, палуанға және сол сияқты елге еңбек сіңірген ардақты, айтулы азаматтарға ат мінгізіп, шапан жабу қазақ халқының ертеден келе жатқан аса лайықты, жарасымды ата салты, яғни бұл «батыр», «ақын», «палуан» деген құрметті атақтардан кейінгі берілетін құрметтеу, сый-сияпат, марапат, мадақ белгісінің айғағы, ең жоғары құрметі ретінде беріледі. Ат мінгізу, шапан жабу салты салты қазіргі күнде де жарасымды жалғасын тауып келеді.
Хан алшы
Ойынға 5-10 балаға дейін қатыса береді. Асық көп болу керек. Көп асықтың ішінен үлкенірек біреуін қызыл түске бояңдар. Осы асық « Хан» болады. Алдымен санамақ арқылы ойын бастаушыны тағайындап алыңдар. Осы бала асықтың бәрін уысына жиып алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді.Сендер «ханның» қалай түскенін байқап отырыңдар. Егер «хан» бүк, шік, тәйкі түссе, ойын бастаушы бала « ханның» түсуіне қарай жақын асықтарды бас бармақтардың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере- ыршытып біріне – бірін дәлдей отырып тигізеді.Тигізген асықтарды өзіне алады. Осы арада «ханды» тек ең соңғы өзі сияқты жатқан асықпен атып алуға болатынын ұмытпағандарың жөн.Ойын бастаушы басқа асықтарға қолымен не асықпен тиіп кетсе, ойынды келесі бала жүргізеді. Ал, егер «хан»алшысынан тұрса, «ханды» әрқайсысың өз қолдарыңа түсіруге әрекеттеніңдер. «Хан» кімнің қолына түссе, сол бала жеңіске жетеді. Ойынды да сол жеңген бала бастайды.
Омпы
Асықты мұртынан немесе жамбасынан тұрғызуды «Омпы» дейді. Омпы ойынына 2-10 балаға дейін қатыса берулеріңе болады. Ара қашықтығы 10-20 адым ( қалауларың бойынша) жерге екі көмбе сызыңдар. Әр қайсысың көмбенің тең ортасына белгіленген сызық бойындағы көнге екі асықтан тігіңдер. Ортасына бір асықты омпысынан тұрғызыңдар. Көмбедегі сызық бойына кезекке тұрып, қолдарыңдағы сақаларыңмен көнге тігілген асықтарды атып түсірулерің керек. Атып алған асықтарың өздеріңе қалады. Егер омпыға тигізсеңдер, көндегі барлық асықтарды аласыңдар.Неғұрлым көп асық ұтып алғандарың жеңіске жетесіңдер.
Атбақыл (Көтеріспек)
Ойынға екі бала қатысады. Біреуің сақаңды иіріп, екіншің сол сақаны атыңдар. Егер сақаға тигізсеңдер, атқан бала сол жерден сақасы жатқан жерге дейін екінші баланы көтеріп апарады. Біріңнің сақаңды бірің атып, екеуің алдыға қарай жылжи беріңдер. Ойынды қанша ойнасаңда өз еріктеріңде.
Көтермек
Ортаға екі бала шығыңдар. Бір- бірлеріңе арқаларыңды тіреп тұрып қолдарыңды шынтақтастырыңдар. Жүргізушінің белгісінен кейін жерден қайсысың бұрын екіншіңді көтеріп аласыңдар, ұтқан болып есептелесіңдер. Жеңіске жеткендерің ортада қалып, келесі баламен сайысқа түсесіңдер. Соңғы жеңімпаз анықталғанша, ойын осылай жалғаса береді.
Тақия тастамақ
Ойынға бірнеше бала қатысады. Балалар, шеңбер жасап отырыңдар. Жүргізуші шеңбердің сыртын айнала жүгіріп жүріп, біреулеріңнің артыңа білдіртпей тақияны тастап кетеді. Егер сезіп қойсаңдар, жүргізушіні қуып жетулерің керек. Ал, жүргізуші қуған баланың орнына келіп тұра қалуға тырысады. Жүргізушіге жете алмаған бала айыбын төлейді, өнер көрсетеді.
Түйілген орамал
Алдымен кез- келген орамалды түйіп- түйіп доп тәріздес етіп алыңдар. Бір бала ортада тұрады, қалғандарың оны қоршап тұрасыңдар. Сыртта тұрған біреуіңнің қолыңда түйілген орамал болады.Берілген белгіден кейін ортада тұрған бала осы орамалды сендердің қолдарыңнан алып қоюға әрекеттенеді. Ал, сендер бір- біріңе лақтырып, қашып, ортадағы балаға түйілген орамалды бермеуге тырысуларың керек. Орамалды беріп қойған бала ортада жүрген баламен орнын алмастырады.
Оқтау тартыс
Бұл ойынды ойнау үшін де ортаға екі бала шығады. Алдымен жерге сызық сызыңдар және сол сызықтың екі жағына тұрыңдар. Енді оқтаудың екі ұшынан ұстап тартыңдар. Қайсысың сызықтан өтсең, жеңілесің. Ал, күшің басым болып тартып алғаның жеңіске жетесің.
Бәйге
Бәйге жарысының бірнеше түрі бар. Олар: тай жарыс, құнан жарыс, топ бейге, аламан бейге. Бәйге жарысы жазық жерлерде өткізіле береді. Көмбеге алғаш озып келген шабандоз жеңімпаз атанып, сыйлыққа ие болады.
Көкпар
Атқа мінген топ жігіттердің қатысуымен өтетін жарыс. Белгіленген межеден 50-60 адымдай жерге көкпар тасталынады Көкпар тартуға бауыздалған лақ немесе серке беріледі. Жерде жатқан көкпарға бірінші жеткен шабандоз көкпарды іліп алып қашады, қалған көкпаршылар қуып жетіп, тартып алуға әрекеттенеді. Кім бұрын көкпарды көмбеге екелсе, сол жеңімпаз атанып, көкпарды өзіне қалдырады.
Атқа мінгізу
4-5 жасқа келген ұл баланы атқа мінгізу ресімі. Алдымен ағаштан ашамай-ер жасалады. Ашамай-ердің алды-арты биік сүйеніші болған. Жуас құнанды ерттеп, баланы мінгізіп, тізгінді бала ұстағаннан соң бір адам құнанды жетектеп жүреді. Әйелдер шашу шашқан. Үлкендер бата беріп, той жасалған.
Итеріспек
Күш сынасу ойыны. Үлкен, кең шеңбер сызылады. Шеңбер неғұрлым кең болса, ойын қызығы арта түседі. Басты ойыншы ортадағы қарсыластарын шеңберден итеріп шығаруы қажет. Кімнің күші басым сол жеңімпаз. Итеріспек бір аяқта тұрып күш сынасатын ойын, екінші аяғың жерге тиіп кетсе, жеңілгенің.
қызыл қоңыз
қызыл қоңыз немесе ел қайда көшеді? Ертеректегі қазақтың сүйікті ойыны болған. Балалардың топталып ойнайтын ойыны. Алақандағы қызыл қоңыз білектің бойымен алған бағытымен жорғалайды, екінші баланың қоңызы басқа бағытты таңдайды. Осы арқылы балалардың «Көш қай бағытқа көшеді?» дауы басталады. Ауыл көшкен сәтте дұрыс шешімін тапқан жеңімпаз аңықталады.
Домалақ-ағаш
Тереңдігі 10-20см шұңқыр қазылады. қасында қолында таяғы бар қорғаушы бала, екіншісі домалақ-ағашты шұңқырға қарай беттей қуғыштайды. қорғаушы оны шұңқырға түсуден қорғайды. Кішкене шар шұңқырға түскенше ойын жалғаса береді. Ойыншылар кезек алмасып ойнайды.
Жаяу тартыс
Екі ойыншы бір-біріне арқасымен тұрады. Иықтарына жіп іліп оны қолтық астына өткізіп жіберуі тиіс. Жіптің шеті байланған, ортасынан түйілген. Белгі берілісімен ойыншылар бір-бірін бір мезгілде өз бағыттарына қарай тарта бастайды. Күші басым ойыншы әлсіз қарсыласын өзіне тарта бастайды. Белгіленген межеден өткізіп тартып алса сол ойын жеңімпазы!