1) Балалардың аналарына, бар адамзат анасына сүйіспеншілігін ояту.Ананың еңбегін ақтауға, ардақтауға, құрметтей білуге тәрбиелеу.
2) Балалардың бойында ізгілік, инабаттылық, биязылық сияқты жақсы қасиеттерді қалыптастыруға тәрбиелеу.
(Әсем безендірілген залға, балалар екі-екіден қол ұстасып кіреді. Орындарына отырады)
Жүргізуші: Армысыздар аяулы аналар, ақ жаулықты әжелер, қызғалдақ қыздар!
Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесі де келіп жетті. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар - өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ғана ажарлы.
Олай болса, «Құттықтаймын ана, мерекеңізбен!» атты ертеңгілігіміз сіздерге арналады.
Ән: «Ана күні»
Жүргізуші: Енді, балалардың бүгінгі мерекеге арнаған жүрекжарды тілектерін тыңдайық!
Ахмет:
Алтын анам жасымнан аялаған,
Мен үшін игілікті аямаған.
Бақшадан шаршап үйге келгенімде,
Бал сөзі – жаным деген, сая маған.
Темірлан:
Өмірдің қызығы,
Өзіңсіз өтпейді.
Мен үшін анама,
Ешкім де жетпейді.
Айлин:
Ана біздің күніміз,
Ананың біз гүліміз.
Баршамызды қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз!
Мажит:
Сыйлайыншы гүлімді,
Теріп алған даладан.
Мейрамыңыз бүгінгі,
Құтты болсын, анажан!
Ақбота:
Бала, бала, бала деп,
Бізді өсірген анашым.
Гүлге толып құшағың,
Бақытты бол анашым!
Қайсар:
Үн қатасың бал тілмен,
Еркелеймін әр күнмен.
Құттықтаймын анашым,
Сегізінші наурызбен!
Әсел:
Әлпештеген, аялаған,
Ақ сүт берген апатайым.
Сәлем жазып бүгін саған,
Мейрамыңмен құттықтаймын!
Ернар:
Аяулы менің анашым,
Өсірдің мені мәпелеп.
Түн ұйқыңды төрт бөліп,
«Қошақаным», «Әкем »деп.
Жүргізуші: Жарайсыңдар балалар! Біздің ұлдарымыз қыздарға да тосын сый дайындап келді ғой. Олар біздің бүгінгі мерекемізге қонақтарды шақырыпты. Сол қонақтарды шақырайық па, балалар?
Балалар: Иә, шақырайық!
(Бәрі шапалақтайды. Залға Сайқымазақ билеп кіреді де, жан-жағына аң-таң қарап қалады)
Жүргізуші: Сәлеметсіз бе, Сайқымазақ!
Сайқымазақ: Сәлеметсіздер ме, балалар! Менің атым Тили-Вили. Мен сендерге сонау Америкадан келдім. Хелоу! Хелоу!
(Балалардың қолдарынан ұстап амандасады)
Сайқымазақ: Балалар, сендерде не болып жатыр? Бәрің әдемі киініп алыпсыңдар... Қандай мерекені тойлап жатырсыңдар?
Жүргізуші: Иә, балалар дұрыс айтады. Сайқымазақ, біз – көктемнің ең алғашқы мерекесінде аналарымызды, әжелерімізді, қыздарды құттықтауға жиналып отырмыз.
Сайқымазақ: Көктем? Көктем деген кім? Ол қайда?
Жүргізуші: Сен көктемді білмейсің бе, сайқымазақ? Кел, ендеше бізбен бірге көктемді тамашала!
(Музыка ырғағымен екі бала өзенді алып шығады, үш қыз бәйшешек, екі бала тауды ұстап тұрады. Екі қарлығаш айналып ұшып жүріп, шығып кетеді де Көктемді ертіп келеді)
Көктем: Сәлем, сәлем, балақайлар!
Әзиз әже, назды апайлар!
Мол шуақы ала келдім,
Қуаныңдар алақайлап,
Құстар әнін ала келдім,
Әсем әнге сала келдім.
Жүргізуші: Сәлеметсіз бе, Көктем ханшасы!Қош келдіңіз, төрлетіңіз! Біздің балалардың өнерін тамашалаңыз!
Ән: «Көктем биі»
Сайқымазақ: Ал, енді қазір мен сендерге акробатикалық номер көрсетемін.
(Сайқымазақ басына тұрайын деп құлай береді)
(Бәрі күледі)
Жүргізуші: Қой, Тили-Вили, сен мойныңды сындырарсың, оданда біздің балалардың биін тамашалайық!
Би: «Гүлдер»
Сайқымазақ: Қандай жақсы би! Керемет өнерлі екенсіңдер, балалар! Енді мен сендермен және сендердің аналарыңмен бірге ойын ойнағым келіп тұр. Қазір маған 2 бала анасымен ортаға шығады. Балалар анасына қалай көмектеседі екен, соны көрейік!
Ойын: «Кір жуу»
Ойын шарты: Анасы кірді жуады, ал баласы оны іліп, қысқышпен қыстырып шығады. Кім бірінші бітіреді, сол жеңеді.
Жүргізуші: Рахмет саған, Сайқымазақ! Сен біздің көңілімізді көтердің.
Сайқымазақ: Иә, біз сондаймыз. Біз көп ойындар, билер, әндер де білеміз.
Жүргізуші: Ән демекші, біздің тобымыздағы ұлдар да аналарына арнап ән айтып береді.
Жүргізуші: Осындай қуанышты сәтте тағы да балалардың жүрегінен шыққан тілектерге құлақ түрейік.
Қуат:
Менің әжем мейірбан,
Мені жақсы көреді.
Қажетіне жарасам,
Жас балаша күледі.
Марғұлан:
Еркелесем күлімдейтін,
Ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан иіскеп менің,
«Құлыншағым, күнім» дейтін.
Альбина:
Мен айтамын тақпақ,
Анашымды мақтап.
Менің анам әдемі,
Менің анам аппақ.
Асылбек:
Мен мұғалім анамның,
Өнегесін аламын.
Ертең менде анамдай,
Оқытушы боламын.
Хадиша:
Арадақтап, аялап,
Мәпелеп өсірген.
Анамдай жан бар ма,
Қатемді кешірген.
Мақсат:
Бал бөбегін баптаған,
Анам үшін мақтанам.
Аялайтын біздерді,
Көп жасасын ақ мамам.
Ақжарқын:
Көгімде күн болып,
Жұлдыздай жанасың.
Аман бол әрдайым,
Аяулы анашым.
Іңкәрбек:
Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Аналарды ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.
Мумина:
Әр сөзімді жаттаған,
Жүрегінде сақтаған.
Анашым деп мақтанам,
Айналайын ақ мамам!
Мұхамеджан:
Баланың да тірегі,
Дананың да тірегі.
Шаншымасын ешқашан,
Аналардың жүрегі.
Саида:
Шашымды өріп тараған,
Қабағыма қараған.
Үлкен кіші демейді,
Сыйлайды оны бар адам.
Ерсаин:
Біз доспыз гүлдермен,
Текке оны жұлмаймыз.
Той күні бір-бірден,
Аналарға сыйлаймыз.
Айша:
Анам менің сүйіктім,
Тек өзіңе табынам.
Қасымда жүрсең биікпін,
Алыстасаң сағынам.
Аружан:
Мен апамды сүйемін,
Құшағына енемін.
Мәпелеген анамды
Қуантсам деп келемін.
Айана:
Ардақты ана, аяулы ана қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың
Өміріме нәрін берді ақ сүтің,
Кең құшағың аясындай гүл бақтың.
Жүргізуші: Балалар, бүгінгі аналарымыздың мерекесіне біздің топтағы кішкентай мың бұралған бишіміз Ақжарқын да өзінің өнерін дайындап келіпті. Ендеше, соны тамашалайық.
Би: «Баригай» өзбек биі (Ақжарқан)
Көктем: Жарайсыңдар, балалар! Енді мен сендермен бір ойын ойнағым келіп тұр. Ойын «Кім жылдам?» деп аталады.
Ойынның шарты: Екі ер бала қыздарды ертіп шығып, музыка ырғағымен вальс билейді. Музыка тоқтап қалғанда, ортада тұрған гүлді бірінші болып алып, өз қызына сыйлау керек.
(Көктем қоштасып, шығып кетеді)
Альзере:
Өзің мені өсірген,
Айналайын ақ әжем.
Тентек болсам кешірген,
Шөлдедің бе дана әжем?
Шай қайнатып берейін,
Шекер салып жан әжем,
Өзім құйып берейін
Балдай тәтті бал әжем.
Қуат:
Менің әжем мейірбан,
Мені жақсы көреді.
Қажетіне жарасам,
Жас балаша күледі.
Ән: «Әжем»
Би: «Көңілді балалар» (Джайв)
Жүргізуші: Біздің балалардың аналарына арнаған ағылшынша да тілектері бар.
(Балалар ағылшынша тақпақтарын хормен айтып, аналарына сыйлықтарын береді)
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді - жас сәби де жарқылдап.
Ана деген - бәйтерегі өмірдің,
Ана деген - алтын қазық, алтын бақ- дей отырып, бүгінгі аналар күніне арналған «Құттықтаймын ана, мерекеңізбен!» атты ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Ардақты аналар мейрамдарыңыз құтты болсын!