Просмотр содержимого документа
«Шымкентский медицинский колледж»
Коммуникативтік біліктілікті қалыптастыру
Асан Әлия Темірбайқызы
Шымкент медицина колледжі
Қазіргі кезде оқу процесінде жаңа технологияларды қолданудың мыңыздылығы студенттерді жан-жақты біліммен қаруландырып, олардың оқу процесіне деген белсенділіктерін арттыру, сабақты әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы қызықты етіп ұйымдастыру студенттердің коммуникативтік, шығармашылық қабілеттерін дамуына тікелей әсер етумен сипатталады. Осы мәселелерді ескере отырып шетел тілін оқыту жайында сөз қозғасақ, бұл процесті мәдениет аралық коммуникация процесінен бөлек қарастыру мүмкін емес, яғни шетел тілін оқытудың негізгі мақсатына жетудің жолы мәдениет аралық коммуникацияны дамытуға негізделеді. Осы тұрғыдан қарағанда шетел тілін оқытуда студенттердің коммуникативтік біліктілігін қалыптастыру әрі дамыту бүгінгі таңда білім саласында ең маңызды да жетекші орын алуда.
Сонымен бұл ұғымға анықтама беретін болсақ коммуникативтік біліктілік дегеніміз шетел тілінің грамматикалық құрылымы мен тілдік бірліктердің қызметін толық білетін, тілді жақсы меңгерген, яғни лингвистикалық біліммен сөйлеу әрекетінен жоғары деңгейде көрінетін шетел тілінде еркін қарым-қатынас жасайтын адамдардың қабілеттілігі. Коммуникативтік біліктілік белгілі бір тілдік ортада немесе арнайы ұйымдастырылған оқу процесінде қалыптасады.
Ал коммуникативтік біліктілікті дамытудың ғылыми мәселелерімен практикалық міндеттерін қалай ұштастырамыз? Тілді үйрену барысында адам жетістігіндегі қандай да бір әрекеттің нәтижелі жүзеге асуы қалыптасқан белгілі бір коммуникативтік мәдениеттің деңгейімен байланысты. Ол деңгейлер: тілдік біліктілік, коммуникативтік біліктілік және кәсіби-сөйлеу біліктілігі.
Тілдік біліктілік – бұл тілдің құрылымы мен қызметі және нормалары жөнінен игерілген білім. Коммуникативтік біліктілік тілді меңгерудегі барлық сөйлеу әрекет түрлерімен сөйлеу мәдениетіне байланысты ұғым.
Кәсіби-сөйлеу біліктілігі шетел маманының кәсіби білімді меңгеруге үйреніп жатқан тілде қарым-қатынас жасауда кәсіби деңгейде тілдік білімнің қажеттілігі болып саналады. Бұл үш ұғымның өзара тығыз байланыстылығы шетел тілін үйренуде теориялық білімдерін практикада жүзеге асырғанда байқалады. Сөйлеу әрекетінің жоғары деңгейде болуы коммуникативтік біліктілік элементтерінің студенттердің бойында толық қалыптасуына мүмкіндік жасайды. Олар коммуникативтік білім, коммуникативтік дағды, коммуникативтік іскерлік.
Коммуникативтік білім – бұл тілдік білім мен қатар сөйлеу әрекетіне қойылатын талаптарды білу болса, коммуникативтік дағды алған білімдерін әртүрлі әдістемелік жұмыстар арқылы жүзеге асыруы, ал осы дағдыларды саналы түрде меңгеріп шетел тілінде сөйлей білуі коммуникативтік іскерлік болып табылады. Мысалы: студенттерге шетел тілінде сөздерді орфоэфиялық жағынан дұрыс дыбыстап, оны ауыз екі тілде қолдана білгенін осы үш элементті меңгергенінен білеміз. Біріншіден студенттің коммуникативтік білімі фонетикалық, грамматикалық тұрғыдан қалыптасады, себебі ол сөздіктерді пайдалана отырып дұрыс дыбысталуды оқиды, сөздердің грамматикалық өзгеріске ұшырағанда дауыс ырғағы, екпіні қай буынға түсетінін анықтайды, бұл жерде студент грамматикалық білім жинақтайды. Екіншіден студент сөздердің мағынасын жетік түсінгеннен кейін коммуникативтік дағды, іскерліктерін дамытады, яғни қарым-қатынас жасайды. Осы себепті оқытудың нәтижелі болуы шетел тілін оқыту процесінде тілдік материалдарды белсенді түрде меңгерумен анықталады. Студенттердің коммуникативтік біліктілігін қалыптастыру барысында оқу процесінде белсенділікті арттыру үшін коммуникативтік біліктілігін лингвистикалық компонентін дамыту негізі лексика-грамматикалық материалдарды меңгеретін әдістемелік жұмыстар болуы шарт. Әрине біріншіден түрлі әдістемелік тәсілдерді қолдану үшін оқу бағдарламасы талаптарын есепке алу қажет.
Сонымен, студенттердің коммуникативтік біліктілігін қалыптастыруға қойылатын талаптар төмендегідей:
1-ші курста студенттер коммуникативтік біліктіліктің алғашқы қарапайым деңгейін қалыптастыру керек, яғни әлеуметтік – оқу-мәдени ауқымында өз еркімен қарым-қатынас жасай білу қабілеттілігі, монологты сөйлеуде студент еркін тақырыпты баяндап әрі суреттейді.
2-ші курс студенттері коммуникативтік біліктіліктің ұйымдастырылған деңгейін меңгеру қажет, яғни ол белгілі бір арнайы бағытталған жағдаятта қарым-қатынас жасай білуі, диалог құрай білуі, ұсынылған кез-келген жағдаяттағы мәселені дұрыс шеше білуі керек. Монологты сөйлеуде 2 курс студенттері дайындалған және дайындалмаған тақырыптар да өткен лексикалық грамматикалық материалдарды қолдана отырып еркін сөйлеуі, берілген тақырыптарға талдау жасауы қажет. Арнайы бағытталған әдістемелік жұмыстарды жүргізуімен топтық және жұпты жұмыстарды тиімді қолдану арқылы біз студенттердің коммуникативтік біліктілігін және оның әлеуметтік, әлеумет-мәдениеттік, лингвистикалық компоненттерін қалыптастыра аламыз.
Теориялық мәселелерімен практикалық міндеттердің сәйкес келуі студенттердің коммуникативтік біліктілігін жоғарылатады және шетел тілінде сөйлеу әрекетін қалыптастыратын әдістемелер шетел тілін үйретудің құралы болса, басты мақсат үйреніп жатқан тілде сөйлей білу. Бүгінгі уақытта коммуникативтік біліктілікті қалыптастырудың тиімділігін арттыру аса қажетті де маңызды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Пассов Е.И. Основы коммуникативной методики обучения иноязычному общению. М., 1989.
2. Бабаянц В. «Технология стимуляции реального общения на ИЯ» ИЯШ, №3, 2004.
3. Колчин С.А. Коммуникативная компетенция. Язык и культура, Алматы, 2004.
4. Козлов П.Г. Интегративная роль результата технологии обучения иностранному языку. Новые технологии в учебном процессе в ВУЗе. Алматы, 1995.