kopilkaurokov.ru - сайт для учителей

Создайте Ваш сайт учителя Курсы ПК и ППК Видеоуроки Олимпиады Вебинары для учителей

Тіл тұғырдан түспесін!

Нажмите, чтобы узнать подробности

 Тіл тұғырдан түспесін!

 

Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Наладить дисциплину на своих уроках.
Получить возможность работать творчески.

Просмотр содержимого документа
«Тіл тұғырдан түспесін!»






Тіл тұғырдан түспесін!
Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Тіл саясатын жүзеге асырудың жаңа кезеңіне арналған Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеумен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Кеше жұмыс тобының алғашқы отырысы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің басшылығымен Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өткізілді. Басқосуды министрдің өзі жүргізіп отырды.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, Мәдениет және ақпарат министрі:
- Өздеріңіз білесіздер, Елбасының тапсырмасы бойынша осыдан тура он жыл бұрын Қазақстандағы тілдерді дамытудың он жыл мерзімге арналған бағдарламасы жасалған болатын. Осы бағдарламаның аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Биыл сол бағдарлама өзінің мәресіне жететін болады. Келесі жылдан бастап біз алдағы он жылға арналған жаңа бағдарлама жасауға кірісуіміз керек. Бұл бағдарламаның бұрынғылардан ерекшелігі оның мемлекеттік статусы болады. Мемлекеттік бағдарлама деп аталады және ол Елбасының Жарлығымен бекітілетін болады. Өздеріңіз баспасөзден білетін боларсыздар, кейінгі кездерде Елбасының тапсырмасы бойынша оңды-солды орындалмайтын бағдарламалар санын көбейтпеу жөнінде тапсырма бар. Сондықтан ондай бағдарламалар жасауға шектеу қойылған. Бірақ Тіл мәселесі ұлт руханиятының алтын қазығы болғандықтан, бұл мәселеге Елбасы ерекше маңыз беріп, осы бағдарламаны жасауға тапсырма беріп отыр.
Екіншіден Елбасы тіл мәселесі бүкіл елдің тарихына, руханиятына, мәдениетіне қатысты болғандықтан, бұл мәселені кең отырып келісіп, бүкіл қоғамдық ұйымдармен, тіл мәселесіне жанашырлық танытқан барша азаматтармен бірлесіп отырып дайындауды тапсырды. Сондықтан бұған тек Үкімет мүшелері ғана емес, Парламенттің қос палатасының тіл саласында көптеген қызмет атқарып жүрген депутаттары да, республикадағы барлық қоғамдық ұйымдардың мүшелері де қатысып отыр. Тіпті жеке-дара шығып әрекет танытып жүрген, ешбір партияға, қоғамдық ұйымдарға кірмейтін азаматтар да осы ынталы топқа мүше ретінде еніп отыр. Сондықтан баршаларыңызға әуелі осы ынталы топқа мүше боп кіруге келісім бергендеріңіз үшін, бұл мәселеге атсалысып отырғандарыңыз үшін рахметімді айтқым келеді.
Бұл бағдарламаның негізгі, түпкі мақсаты неде? Оны жүзеге асыру үшін қандай міндеттерді шешу көзделетіндігі жөнінде біз жұмыс тобының жарты жыл бойына тұрақты жұмыс істейтін секретариатын құрып отырмыз. Бұл мәселені министрліктің жауапты хатшысы Құрманғалиева Жанна Дулатқызы басқаратын болады. Бүгін, әрине, бірінші басқосуымызда біздің тіл саласындағы қордаланған мәселелердің бәрін талқылап шығуымыз мүмкін емес. Кейін сіздердің тараптарыңыздан қосымша ұсыныстар, жазбаша пікірлер болатын болса, оның бәрін осы жұмыс тобының секретариаты қабылдап, болашақтағы отырыстарда оны талқылауға мүмкіндік туады деп ойлаймын.
Енді тіл саласындағы кейбір мәселелерді де айта кеткім келеді. Жаңа жылдың қарсаңында бірқатар қазақ тілді басылымдардың басшыларымен өткізген сұхбатында Елбасымыз осы тіл мәселесіне байланысты қадау-қадау мәселелерге өзінің пікірін айтты. Ең бірінші Елбасы тілге жанашырлық танытып отырған азаматтардың бәріне рахметін жеткізді. Себебі елдің, руханияттың, ұлттың болашағына, тағдырына алаңдап отырған азаматтар болғандықтан, бұл проблемалар Елбасын да, Үкіметті де толғандырады. Кейбір азаматтар бұдан саясат жасап жүр, я болмаса ұпайын түгендеп жүр деген ойдан біз аулақпыз. Керісінше, ұлт тағдырына, тіл тағдырына үлес қосып жүрген азаматтарға біздің де айтар алғысымыз шексіз. Сөйте тұра мен кейбір фактілерді тағы да естеріңізге сала кеткім келеді.
Осыдан бір-екі жыл бұрын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ортамызда отырған академик Өмірзақ Айтбаевтың бір сұхбатын оқыдым. Онда қазақтілді №12 мектептің қалай ашылғаны жөнінде тарихын жазған екен. Сонда Алматы қаласындағы бір ғана №12 мектептің ашылуына бүкіл қазақ зиялылары болып атсалысқан. Қаншама академиктер, институттың директорлары, қаншама ғылым докторлары, Шона Смаханұлы бастаған жазушы ағаларымыз - барлығы жабылып жүріп Орталық Комитеттің хатшысына, республика, қала басшыларына шығып, мемлекеттік үлкен мәселе ретінде көтерудің арқасында ғана №12 мектеп әрең ашылған екен. Тың игеруден кейінгі жылдары Қазақстандағы қазақ мектептерінің 600-інің жабылуын ұлттың ұлы трагедиясы деп айтуға болады. Ал енді осымен салыстыратын болсақ, Тәуелсіздіктің 18 жылында 880 қазақ мектебінің ашылуын қазақ тілінің көсегесінің көгергені, өркенінің өскені деп мойындамасқа амал жоқ. Бұл Елбасының қазақ тілін өркендетуде жүргізіп отырған саясатының ең жарқын көрінісі деп айтуымыз керек. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, бір ғана №12 мектепті ашуға қаншама күш-қуат кеткен. Олай болса, 880 қазақтілді мектептің ашылуын ұлт руханиятының үлкен жетістігі деп бағалауымыз керек. Тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдарда бүкіл мектептердегі балалардың 22 пайызы ғана қазақ тіліндегі мектептерде оқыған. Ол мектептердің саны көп болғанымен, көбісі ауылдық жерлерде орналасқан, 100-200 бала оқитын шағын мектептер болған. Ал орыс мектептері үлкен қалаларда орналасқандықтан, олар 1200-1400 адам оқитын мектептер болды. Сонда қазақ мектебінде оқитын балалар мен орыс мектебінде оқитын балалардың санын салыстырсаңыз, 22 пайыз бен 78 пайыздың айырмасы жер мен көктей. Ал бүгінгі жағдайға қарайтын болсақ, Қазақстандағы барлық мектептердегі оқитын балалардың 67 пайызы қазақ тілінде білім алады. Осыны үлкен жетістік емес деп қалай айтамыз? Елбасы ылғи да «балаларыңды қазақ мектептеріне беріңдер» деп айтып жүр. Егер алысқа бармай-ақ осы үстелдің басында отырған адамдардың арасынан «сіздің балаңыз қай мектепте оқиды деп, социалогиялық сауалнама жүргізсек, біразымыздың ұялып қалатын түріміз бар. Тіл жөніндегі мәселені үлкен-үлкен трибунадан айтамыз, ал сөзіміз бен ісіміздің арасында алшақтық бар екенін байқай бермейміз. Егер 65 пайыз қазақ өз баласын қазақ мектебіне берсе, оған қоса түркі тілдес халықтардың өкілдері балаларын қазақ мектебіне беретін болса, онда қазақша оқитындардың саны 73 пайызға көтерілуі мүмкін. Оған қоса 25 мың өзге ұлттың өкілдері мектептерде қазақ тілінде білім алуда. Оларды да қоссақ, онда 75-78 пайыздың төңірегіне жетіп баруымыз мүмкін, - деді министр.
Министрдің айтуынша, кезінде «Вечерняя Алма-Ата» деген газеттің қазақшасын ашуға КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Димаш Ахметұлы Қонаевтың әлі келмепті. Сөйтіп, ол мәселе КПСС Орталық Комитетіне дейін көтерілген. Тіпті газеттің атына дейін үлкен мәселе болған. «Буржуазиялық Түркияда «Ақшам» деген газет шығады екен. Ертең діни газет болып кетейін деп тұр» деген дау-дамай шыққан. «Алматы ақшамы» «Кешкі Алматы» дегеннің поэтикалық атауы деп, әрең иліктірген. Министр сондай-ақ қазақ тілді газеттердің таралымына да тоқтала кетті. «Егемен Қазақстанның» тиражы 100 мыңға жеткенде біз халықтан сүйінші сұрадық. 130 мыңға жеткенде төбеміз көкке жеткендей болған. Биыл 160 мыңға жетті. Ондай таралым жинаған орыс тілді газет жоқ Қазақстанда! Осындай жағдайдағы елдің тілінің жағдайы мүшкіл деуге бола ма?» деді министр.

Мұхтар ШАХАНОВ, «Мемлекеттік тіл» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы:
- Күні бүгінге дейін бізді тілдің төңірегінде капитал жинап жүр деп есептеді. Бірақ шындығына келетін болсақ, біз осы тілменен тамырымызды терең жалғаған адамбыз. 1989 жылы Кеңестер Одағының қылышынан қан тамып тұрған кезеңнің өзінде қазақтың тілі мемлекеттік дәреже алған. Сол кезде депутаттар екі тілді бірдей мемлекеттік тіл етіп, бір-бірін құттықтап қойған. Сол кезде мен «елді көтереміз, әйтпесе екінші желтоқсан болады» деп дауыс көтерген соң, Президент «Шахановтың ұсынысын қайтадан дауысқа салайық» деді. Қайтадан дауысқа салып, өзі бірінші болып қол көтергенде, жұрттың бәрі қолдаған. Сондықтан біздің осылай айтуға қақымыз бар, біз жолдан қосылған адам емеспіз. Ал енді Тәуелсіздіктің он сегіз жылында не жасалды? 1991 жылдың аяғында елімізде 8880 балабақша болды. Соның 4734-і аралас балабақша болатын. Соның 100-ге жуығы ғана қалдырылды да, қалғандары билік басындағылардың ағайын-туыстарына екі мың теңгеге сатылып кетті. Оны жасаған кім? Осы билік жасады. Он мың кітапхана жойылды. Бұл масқара емес пе? Кезінде Гитлер он мың кітапты өртеткен, сөйтіп рухани жағынан қара тізімге ілінді. Мұның сыртында сегіз мыңға жуық мәдени ошақтар жойылды. Мынау Алматының іргесінде «Іргелі» деген ауылда «Евангелия» дінінің өкілдері 500 орындық мәдениет ошағын күні бүгінге дейін иеленіп отыр. Олар 300 орындық балабақшаны да сатып алған. Мұның барлығын біз халықтан жасырын ұстаймыз. Бұл қалай?

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
- Бүгін тіл саясатын жүзеге асырудың жаңа кезеңіне арналған Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді қолға алып отырсыздар. Бұл кезеңдік бағдарлама 10 жылға деп белгіленіпті. Бұған дейін де онжылдық бағдарлама болған. Осы он жыл ішінде Президент әкімшілігі де, Үкімет те түгел қазақ тіліне көшуге міндетті еді. Өкінішке қарай, ол бағдарлама орындалған жоқ. Ендігі қабылданар бағдарлама орындала ма, орындалмай ма, екіталай. Егер Мемлекеттік бағдарлама осындай ұзақ мерзімге қабылданар болса, онда әр жылға нақты жоспар құрып, кезең-кезеңімен сатылап алға жылжу керек деп ойлаймын.
Осыдан үш ай бұрын Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев «таза қазақ тілінде үш телеарна ашу» мәселесін айтқан еді. Біздің білуімізше, бұл мәселе әлі төрт-бес жылға созылатын сияқты. Осыған байланысты, менің әрі өтінішім, әрі ұсынысым - мемлекеттік арналардың тым болмаса біреуін жыл аяғына дейін таза қазақшаға көшіру керек. «Айтылған сөз - атылған оқ» екенін білесіз, Мұха. Біз сіздердің де абыройыңызды ойлаймыз. Сиырқұйымшақтандырмай, осы мәселені шешу керек. Әйтпесе, үкімет өтірікші болып, халыққа қарайтын беті қалмайды.
Тағы бір мәселе, орыс мектептерінде оқитын балалардың 70 пайызы - өзіміздің қаракөздер. Біз балабақшадан мектепке дейін тегіс қазақ тілін меңгеріп шығатын бағдарлама жасамасақ, ұлттық келбетіміздің тамыры қиылады. Бәйтеректің тамыры қиылса не болатынын білесіздер...

Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:
- Тіл саясатына байланысты Ресей, Молдова, Украина елдерінің концепциялары ашық «Мемлекет құраушы ұлтқа ешқандай ұлт балама болмайды» деген идеяны ұстанады. Мемлекет құраушы ұлтқа қай тұрғыда да басымдық беруді біз де басты стратегиялық мақсат етіп қоюымыз керек. Жақында Франция мынадай заң қабылдады: жаһандану заманында шетелден келетін концерттік бағдарламаларды реттеу, шетелден келетін артистерді реттеу, киноларды реттеу, театр, кинотеатр, БАҚ - бәріне француз мәдениетіне басымдық беру заң жүзінде бекітілді. Ал бізге кім келмей жатыр? Алла Пугачевадан бастап, иттің итақайы келіп сайран салып жүр. Келеді екен, оларға салынатын салық мөлшерін көбейту керек. Ақшаның бәрін арқалап кетпей, жартысын Қазақстанға тастап кетсін... Мәдениет, өнер саласында нақты стратегиялық жоспарды мақсат етіп қоймай, алға жылжи алмаймыз. Мәселен, біз «Ел бірлігі» доктринасын өмірге әкелдік. Ал Татарстанның автономиялық республика ретінде қабылдаған мемлекеттік құжаты біздің доктринадан әлдеқайда мықты. Олар татар ұлтына басымдық беріп, басқа диаспоралармен ашық әңгіме жүргізеді. Бұл үлгі аларлық нәрсе.
Екінші айтарым, бүгінгі басқосуға мұрындық болған Мемлекеттік бағдарламаны 10 жылға деп белгілеуге қарсымын. Бұл бізді салғырттыққа итермелейді. «Әлі 10 жыл бар ғой!..» деп арқаны кеңге салып, жайбарақат күй кешетін боламыз. Ондай салғырттықпен іс бітпейтін болады. Сондықтан бағдарламаны қысқа мерзімге, ары кетсе 5 жылға қабылдап, сол жоспардың шеңберінде нақты жұмыстарды жүзеге асыруымыз керек. Міне, менің қолымда осыдан 10 жыл бұрын қабылданған бағдарлама тұр. Ішінде табан тірер ештеңе жоқ. Осы уақыт ішінде не тындырдық? Бұл бағдарлама мемлекеттік тілге сұраныс тудыра алмады, сондықтан ол мемлекеттік құжат ретінде өз мақсатына жете алмады деп есептеймін. Ресей Украинаны неге жек көреді? Өйткені онда украин тілі, украин мәдениеті үстем. Грузияны неге жек көреді? Онда да солай - грузин тілі, грузин ұлты, грузин мәдениетінің билігі орнаған. Қысқасы, ірі-ірі стратегиялық мәселелерді шешпей, мемлекеттік тілдің саясатын жүзеге асыра алмаймыз. Ресейдің ықпалын азайтпай, тыймай, біз отарлана береміз...


Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің бас редакторы:
- Қазақ тілінің мәселесі - қазақтың мәселесі, қазақ мемлекетінің мәселесі. Соңғы әлеуметтік зерттеулер бойынша Қазақстан Үкіметінің құрамы 98 пайыз қазақ ұлтының өкілдерінен тұрады. Оның 78 пайызы - ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, яғни халықтың ең сауатты өкілдері. Міне, солар қазақ тілін қолданбайды, бұл қалай? Осы мәселені шешуді ойласақ.
Екінші мәселе, Қазақстанда туған «қате қазақтардың» саны күн сайын көбеймесе, азайған жоқ. Оны жыл сайын оқуға түскен балалардың тізімі жарияланатын «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінен айқын көресіз. Қазақтардың аты-жөндерінде қате деген өріп жүреді. «Мягкий знактан» көз сүрінеді. Қазір қазақ газеттерінің редакторлары күн сайын осы қатемен бетпе-бет кездеседі. Қазақтың аты-жөнін таза қазақша түзеп жазумен әлек боламыз. Кеңестік кезеңді айтпағанның өзінде, кейінгі 20 жылдың ішінде туылған сәбилердің бәрінің аты-жөні құжат жүзінде қате толтырылған. «ә, ұ, ү, ғ, ө» деген қазақ тіліне ғана тән әріптерге зар боласыз. Ал осы қатені түзеткісі келетіндер бір ғана әрпін өзгерту үшін дүниенің құжатын жию керек, талай есікті тоздыру керек. Демек, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері, Әділет министрлігінің адамдары осы мәселені шешуге міндетті. Тіпті бұл мәселені олар да шеше алмайды, өйткені кезінде З.Бәлиеваға да айтқанбыз. Бұны Қазақстанның Үкіметі шешу керек. Жаңадан туылған нәрестеге куәлікті берер кезде оның аты-жөні тек қана мемлекеттік тілде толтырылуы керек деген мәселені қоюымыз керек.

Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
- Көтерілген мәселелердің бәрі орынды деп есептеймін. Шындығына келсек, бұл бағдарламаның 10 жылға деп жоспарлануы адамның күлкісін келтіретін жағдай. Өткен 20 жылдың ішінде біз іс жүзінде де, құжат мәселесінде де толықтай қазақ тіліне көшіп бітуге тиісті едік. Менің ойымша бұл бағдарлама әрі кетсе 3 жылды қамтуы керек. Біз уақытты өткізіп алдық. Сондықтан амал жоқ, атты қамшылауға тура келеді. Егер бұл бағдарлама Президенттің жарлығымен жүзеге асса тіпті жақсы, онда қоғамда оны орындау міндетті деп ұғады, сондықтан 3 жылдың ішінде нақты жұмыстар жасауға болады. Тіл саясатын жүзеге асыруда ең алдымен не істеуіміз керек? Әрине, бірінші кезекте мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз қажет. Республиканың ономастика туралы заң қабылдау мәселесі де бірінші орында тұрған мәселе. Екінші, мемлекеттік тілді қолданудағы және дамытудағы жауаптылықтың заң негізінде жүзеге асыру. Бізде жауаптылық жоқ. Мәселен, Францияда көшедегі жарнама немесе басқа да жазуларды қате жазғаны үшін 5 мың евро көлемінде айыппұл салынады. Бізде қате де өріп жүр, ала-құлалық та шаш-етектен. «Абай даңғылы» дейміз де, оның астына орысша «проспект Абая» деп жазып қоямыз. Жиырма жылда осындай ұсақ-түйекті жолға қоя алмағанымыз масқара ғой! Бізде осындай жауаптылық мәселесі енгізілу керек. Тіпті мемлекеттік тұрғыда енгізе алмасақ, алғашқы жылдары кез келген облыстық мәслихаттың қаулысымен жүзеге асырудың мүмкіншілігі бар деп ойлаймын.
Үшінші мәселе, барлық облысты кезең-кезеңімен қазақ тіліне толық көшіру. Мәселен, Қызылорданы ертеңнен бастап-ақ көшіруге болады. Құлық болса, үш жылдың ішінде барлық облыстарды толық көшіруге мүмкіндігіміз бар.
Төртінші мәселе аралас мектептер мәселесі. Аралас мектептің болғанын кейбіреулер құптайды, кейбіреулер құптамайды. Мүмкін, аралас мектептің Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан сияқты қазақы облыстарда болғаны дұрыс шығар, бірақ басқа жерлердің бәрінде де мемлекеттік тіл екінші орынға ысырылып, бірінші орынға орыс тілі шыққан. Сондықтан осында отырған Білім және ғылым министрлігінің өкілінің құлағына алтын сырға, аралас мектептердің басшылары міндетті түрде мемлекеттік тілді жатық білетін болу тиіс және іс қағаздары, жиналыстар, бәрі тек қазақ тілінде жүргізілуі керек. Сондықтан осы бағытта кешенді бағдарлама қабылдау қажет. Керек десеңіздер, Қазақстандағы жетімдер үйлері, мемлекет қамқорлығындағы мекемелердің мектептерінің саны 34 болса, соның бірде-бірі қазақ мектебі емес. 20 жыл бойы біз қазақ мемлекетінің ақшасымен басқа мемлекеттің тіліндегі азаматтарды бағып-қағып, тәрбиеледік.
Кейінгі мәселе, Солтүстік Қазақстан облыстарында Тіл саясатын жүзеге асырудың арнайы стратегиялық бағдарламасын дайындауымыз керек. Қазақ мектебі болмағандықтан, аз болғандықтан ол облыстардағы балалар орыс мектебіне баруға мәжбүр. Әсіресе Павлодар, Өскеменде қазақ мектебінің дамуы арнайы зерттеуді қажет етеді.
Соңғы уақытта аударма жұмысы белең алды. Қазақ тілі - аударма тіл ретінде ғана, оның өзінде көзбояушылық үшін қолданылып жүр. Аударма мәселесін осы мемлекеттік бағдарлама аясында шектеу қажет. Аударма жұмысы әрі кетсе 2-3 жылдың ішінде мүлдем тоқтауы керек. Қазақ тілін білмейтін бастықтарға, басқаларға мен өз қалтамнан аударма үшін ақша төлегім келмейді. Қазақ тілін білмей ме, онда, керек болса өз қалталарынан төлесін. Бұл дүниежүзілік тәжірибе. Себебі аударма дегеніміз - тілдің дамуын тоқтатуға арналған арнайы құрал. Аударма тек халықаралық жиындарда қолданылуы керек, ал мемлекет ішіндегі барлық жиын, баспасөз мәслихаттары тек қана қазақ тілінде өтуі керек.
Тағы бір мәселе, біз «мемлекеттік тіл» деген сөзді көп айтамыз. Кез келген мемлекеттің заңында «мемлекеттік тіл» деген сөз басында ғана айтылады да, қалған жердің бәрінде нақты тіл (орыс тілі немесе украин тілі немесе грузин тілі т.б.) деп жазылады. Сондықтан біз де тек «қазақ тілі» деп айтуымыз керек, одан қорқатын ештеңе жоқ. Және бір мәселе - орыс тілін «ұлтаралық қатынас тілі» деп белгілеп қойдық. Бұл адам құқығын шектейтін нәрсе. Екі адам қай тілде сөйлеседі, өзі біледі. Бұл мәселе заңмен бекітілмейді. Біз осыны енгізгенімізге мәз боламыз. Сондықтан осы мемлекеттік бағдарламаны дайындағанда осы мәселенің бәрі ескерілуі тиіс.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры:
- Биыл аяқталғалы отырған Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы аясында да көптеген істер атқарылды. Бірақ біз әлі қазақ тілі заңмен белгіленген мәртебесіне сай мемлекеттік тіл қызметін толық атқарып отырған жағдайға жете алған жоқпыз. Мемлекеттік органдарда іс қағаздарын жүргізу аудармаға негізделген. Нормативтік-құқықтық құжаттардың, бұйрықтар мен хаттамалардың көпшілігі орыс тілінде дайындалып, қазақшаға тексерушілер үшін, мемлекеттік тілдегі құжаттардың пайыздық көрсеткішін ұлғайтып көрсету үшін аударылып қойылады. Жиындар, министрліктердің алқа мәжілістері, барлық мемлекетік органдардың аппарат мәжілістері қазақ тілінде өтсе жағдай мүлде басқаша болар еді. Алдағы уақытта қабылданатын бағдарламада мемлекеттік тілдің мемлекеттік органдардағы ауызша қолданысы міндетті түрде көрініс табуы тиіс. Аталған түрлі жиындар мен шаралардың қаншасы қазақ тілінде өткендігі тексеріліп, сол бойынша да мемлекеттік органдардың қазақ тілін шынайы қолданысы анықталуы тиіс. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшкен орталық мемлекеттік органдар, облыстар мен кесте бойынша көшіп үлгермегендерінің арасындағы құжат айналымы іс жүзінде негізінен орыс тілінде жүргізіліп келді. 2011 жылдан бастап мемлекеттік органдардың барлығы бір-біріне мемлекеттік тілде ғана құжат, хат-хабар алмасуын жолға қою керек. Кез келген тілдің қоғамдық беделі сол тілде мемлекет басқару, білім беру мен ғылымды дамыту және ақпарат саласындағы қолданысына тікелей байланысты қалыптасады. Бағдарламада осы салалардағы тілдің іс жүзіндегі қолданысын қамтамасыз етуге басымдық беріліп, оны жүзеге асырудың тетіктері нақты көрсетілуге тиіс. Қазақ балалары қазақ балабақшалары мен қазақ мектептеріне барып, жоғары оқу орындарының қазақ бөлімдерінде оқып жатса, мемлекеттік тілдің берік әлеуметтік-лингвистикалық іргетасы қаланады. Қазақ тілін жетік білетін ғылыми кадрлар дайындасақ, олар ұлт тіліндегі ғылыми кеңістікті қалыптастырып, ғылым тілінің өрісін кеңейтеді. Ақпаратқа келсек, қазір қоғамдық сананы қалыптастыруға телевидениенің ықпалы өте күшті. Ашылады делінген қазақ тілді үш телеарна неғұрлым тез ашылып, олар түрлі сапалы танымдық, сараптамалық, ақпараттық хабарлар таратуға көшсе, мемлекеттік тілге деген сұраныстың күрт артуына қызмет етер еді.
Мемлекеттік тілдің қолданысын лингвистикалық тұрғыдан қамтамасыз етуге келгенде, қазір таралымы шектеулі сөздіктер мен құралдар шығарғаннан гөрі интернет, компьютер арқылы қолдануға жарайтын бағадарламалар дайындаудың маңызы өте зор. Бұл тұрғыдан келгенде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ тілінің электрондық корпусын жасауға бағытталған бірнеше жобаларды қолға алып отыр. Қазақ тілінің электронды терминологиялық қорын, ономастикалық қорын жасауға бар әлеуетімізді пайдаланатындығымызды айтқым келеді. Қазір Нұртөре Жүсіп аты-жөнімізді қазақша жазуға қатысты мәселені дұрыс көтерді. Біздің институт «Қазақ азаматтары аты-жөндерінің емле ережелері жөніндегі нұсқалық» дайындап ғылыми кеңес талқылауынан өткізіп жатырмыз. Алда жұртшылық назарына ұсынамыз. Сондай-ақ әлеуметтік лингвистикалық зерттеулерге, әлеуметтік сауалдарды негізге алған, яғни елдегі тілдік жағдаяттың шынайы көрінісін біле отырып жасалған Бағдарлама ғана діттеген мақсатқа жеткізетінін ескермей болмайды.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
- Тіл деген өте нәзік материя. Қоғамның дамуына қарай тілдік қолданыс та, сөз де өзгеріске ұшырап отырады. Кезінде кеңестік кезеңнің концепциясына сай талай сөздер тілдік қолданысқа енген болса, сол концепцияның құрдымға кетуімен ол тудырған сөздер де маңызын жоғалтты, тіпті қолданыстан шықты, жойылды. Есесіне осы заманға тиісті жаңа сөздер тілдік қорымызға енді. Өз еліміз ғана емес, сырт жерде жүрген қандастарымыздың қолданысындағы сөздермен тілдік қорымыз байып жатыр деп айтуға болады. Айтпағым, осы сөздерді жиып-теріп, түгендеп отыратын бір орталық болса артықтық етпес еді. Жақында ғана баспасөзде «Ағылшын тілі миллионыншы сөзбен байыды» деген мақала шықты. Оны қайдан білді? Лос-Анджелесте мемлекеттік үлкен орталық бар. Ол бүкіл әлемдегі ағылшын тілін зерттеумен, тізімдеп, түгендеумен айналысады. Жаңадан қандай сөздер пайда болып жатыр, оның түбірі не, контексті қандай деген мәселелерді зерттейді. Ресей ғалымдары да «осы жылдың жаңа сөздері» деген зерттеу жүргізіп, рейтингін белгілеп отырады. Біз де өзіміздің және өзге елдегі қандастарымыздың тілдік қолданысындағы қазақ сөздерін айналысқа қоссақ жөн болар еді.
Екінші мәселе терминология мәселесі. Осыдан 5-10 жыл бұрын Терминкомның кез келген отырысы, кез келген жиыны үлкен тарихи маңызы бар оқиға сияқты өтетін. Әр сала бойынша ғалымдар шуласып, айтысып жататын, «мынадай термин керек, мынадай сөз керек» деп күнде талдау, күнде пікірталас болып жатушы еді. Өкінішке қарай, халықтың сол рухын, сол жігерін, сол құлшынысын басып тастадық. Өшіріп алдық. Күн сайын ғылым да, техника да дамып жатыр, дер кезінде ілесе алмасақ, бізге жалын да ұстатпай кететін түрі бар. Бәлкім, әр министрліктің жанынан сол салаға қатысты терминдердің, сөздіктердің аудармасын, баламасын іздейтін арнайы бөлім құру керек шығар.
Үшінші мәселе - латын әліпбиінің мәселесі. Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаев осы мәселені көтерген кезде үш-төрт ғалымның «бұл өте қымбат дүние, бұған біз әлі дайын емеспіз...» деген тәрізді қарсы уәжі болды. Ерте ме, кеш пе, біз латын әліпбиіне көшеміз. Оған бүгіннен бастап дайындық керек. Балабақшадан бастап, бірінші сыныптан бастап латын әрпін оқыған бала құлдық санадан арылған ұрпақ деп айтар едім. Егер ұрпақ болашағын ойласақ, онда осы мәселені қазірден бастап қолға алуымыз қажет.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД:
- Сіздердің айтқандарыңызды мұқият тыңдап, пікір-ұсыныстарыңызды түгел жазып алдым. Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу барысындағы жиынымыздың бұл тек басы, алда талай бас қосамыз. Тіл мәселесін көтерген адамдардың бәрі де ұлтқа жаны ашитын адамдар. Бүгін қаншама сындарлы пікірлер айтылды. «10 жыл тым ұзақ мерзім» дегенді айттыңыздар. Он жыл деген сөз - осы он жыл бойы қазақ тілінің тағдыры аспан мен жердің ортасында ілініп тұрады деген сөз емес. Бұл мерзім кезең-кезеңге бөлінеді. Ең негізгі, ең зәру мәселелер үш жылдың, бес жылдың ішінде өз шешімін табуына күш саламыз. Комиссия жұмысының ашық жүргізілуіне мен сіздерге уәде беремін.


Төреғали ТӘШЕНОВ,
Сәуле ӘБЕДИНОВА




Получите в подарок сайт учителя

Предмет: Прочее

Категория: Прочее

Целевая аудитория: Прочее

Скачать
Тіл тұғырдан түспесін!

Автор: Мақсұт Мейірімжан Бауыржанұлы

Дата: 29.12.2018

Номер свидетельства: 493340


Получите в подарок сайт учителя

Видеоуроки для учителей

Курсы для учителей

ПОЛУЧИТЕ СВИДЕТЕЛЬСТВО МГНОВЕННО

Добавить свою работу

* Свидетельство о публикации выдается БЕСПЛАТНО, СРАЗУ же после добавления Вами Вашей работы на сайт

Удобный поиск материалов для учителей

Ваш личный кабинет
Проверка свидетельства