Просмотр содержимого документа
««Наурыз қадамың құтты болсын»»
«Наурыз қадамың құтты болсын»
Музыка ойнай бастайды (Қыдыр ата сөзі, әрі қарай оқушылар билейді). Жүргізуші. Қош келдіңдер, құрметті қонақтар, ұстаздар және оқушылар! Наурыз мерекесі құтты болсын «Наурыз қадамың құтты болсын » мерекелік бағдармамызды бастауға рұқсат етіңіздер! Жүргізуші.
Уа, халайық, халайық! Мұнда назар салайық, мерекесі халықтың наурыз тойын бастайық.
Қазақ халқы «Ұлыстың ұлы күні» деп аса қадірлейтін бұл күн, яғни 22 наурыз бүкіл Шығыс халықтарының бас мерекесі. Наурыз – жаңа жыл тойы, көктем мерекесі, күн мен түннің теңесу сәті, халықтардың ынтымақ күні.
Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығыңмен, шуағыңмен Күн-Ана,
Алып келдің жер бетіне гүл көктем.
Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп жаз жетіп, шаруа кенеледі.
Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікте,
Қастерледік, қадіріңді білдік те.
Құтты болсын, Ұлыс күн жұмылдырған,
Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке.
Біз қазақ халқы әулет дәстүрін қастерлеп, дәстүрлік мұраларды насихаттап жүрген халықпыз.
Дәстүрдің озығы бар, жазығы бар,
Өткеннен бізге жеткен асылы бар.
Сәбидің кейбір кезін қызықтайтын,
Қазақта «Тұсау кесер» рәсімі бар.
«Дастархан» Чагиева Меруерттің орындауында.
Көрініс « Тұсау кесер »
1 – қатысушы. (Жанар С.) Тұсау кесу дегеніміз 1 жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей, жүріп кетуіне тілек білдіретін салт.
Күлгенің де той сенің,
Жүргенің де той сенің.
Қызықтасын халайық,
Тұсау кескен бұл күнің
Есте қалсын, жарқыным.
2 – қатысушы. (Кежеханов Нұртілек)
Әлбетте, баланың тұсауы ала жіппен, қойдың майлы шегімен немесе өрілген көк шөппен кесіледі: Ала жіп ақтық пен адалдыққа жол ашады, майлы шек байлыққа, тоқтыққа жетелейді, көк шөп көбеюге, өсуге, өнуге шақырады.
3 – қатысушы. (Адал Гүлмира) Бүгінгі күні Бақыткүл әже өзінің немересі Сезімнің«Тұсау кесер» тойын Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесімен тұтастырып, қалың жұрттан бата алу мақсатында осы жерде «Тұсау кесер» тойын өткізбекші.
(Қонақтар келіп, үстел басына отырады). Бақыткүл әже:
Алғашқы немерем Сезім жер-Анаға алғаш аяқ басып, үлкен өмір көшіне ермек, із тастамақ. Сол құлынымның тұсауын кесуге өзімнің аяғы жеңіл, жүрісі шапшаң, ақкөңіл, елімізге сыйы, ардақты ана, сүйікті әже, Орынбасар құрбыма немеремнің тұсауын кестіремін.
Ал, келін балам, кішкентай Сезімді ортаға әкеліп, Кулзипа әжеңе табыс ет.
(Осы кезде ақ жайма жайылып, тұсау кесуге қажетті заттар ортаға қойылады.)
Келін бала:Серікқызы Айнұр (баланы көтеріп келе жатып айтатын өлеңі:)
Тәй-тәй балам, тәй балам,
Шақырып тұр айналаң,
Жүруге алғаш талпындық
Құтақандай жан балам,
Қаз-қаз тұрып талпындың,
Қуантасың, күлесің.
Аман болсаң аз-ақ күнде
Алшаң басып жүресің.
(Кулзипа әже қолына ала жіпті алып жатып)
Ала жіппен тұсайын
Аружанның аяғын
Тұсау жібін кесейін
Жасап баба ырымын.
Сағат сайын есейіп,
Шапқыласын құлыным
Аяқтары талмасын
Айналайын, алтыным. (аяғын байлайды. Қолына қайшысын алып, тұсауын кеседі.)
Қаз-қаз бала, қаз балам.
Қадам бассаң мәз болам.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың.
Алға қарай баса бер,
Асулардан аса бер. (Сезімді жетектеп жүргізеді.)
Ән «Асыл әжем» қабыл алыңыздар.
Кулзипа әже:
Әкеліңдер ана сандықты ортаға «Ақ түйенің қарыны жарылған күн» бүгін. Бұл жиған-тергенімді бүгін бермегенде қашан беремін. Осы сый-сыяпатыма риза болыңдар, қадамдарыңа гүл бітсін. (әже қонақтарына сый-сыяпатын көрсетеді.)
Ақсақал: (Тоқтарбай Жалын)
Бата берілуі:
Құлыным үлкен жігіт болсын!
Ата-анасына қызық болсын
Жақсылармен қатар болсын,
Жамандармен қатал болсын,
Ата-дәстүр байлығын жалғастырар,
Берік бұтақ болсын.
Наурыздарың құтты болсын!
Ұлыс береке әкелсін
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын
Осы тойды қызықтаған
Баршаңызда той болсын!
5 – сынып оқушыларының орындауындағы қазақ биін қошеметпен қабыл алайық.
Сайыс «Қазақша күрес» сыныптар арасында (музыка ойнап тұрады).
Құттықтау сөз мектеп директоры – Турканова Кайнигул Чагиевнага, Оқу ісі жөніндегі орынбасары – Рахметкалиева Гульнара Махуметкановна, Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары – Каримова Гулназ Кенесбековнаға және келген қонақтар мен ата – аналарға беріледі.
1-жүргізуші:
Шашу! Шашу!
Көп шашайық шашуды,
Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр.
Уа, жамағат, теріп ал несібіңді,
Ризығың болсын көл – көсір!
Қашанда құт – береке орнасын деп,
Тойларда шашу шашу - салты елімнің.
Уа, халайық! Теріп ал несібіңді,
Қабыл болсын, жамағат, ақ тілеуің! (шашу-шашу керек) – дей отыра бүгінгі мерекелік кешімізді тамамдайық! Келесі кездескенше сау саламатта болыңыздар.